Ішкі істер министрлігі алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алаяқтар азаматтармен Telegram мессенджері арқылы байланысып, өздерін мемлекеттік органдардың, компаниялар мен ұйымдардың басшылары ретінде таныстырады. Бұл ретте олар шынайы басшылардың суреті мен дерегін пайдаланады.
Қаскөйлер директордың, басшының немесе басқа да лауазымды тұлғаның атынан қызметкерлерге шұғыл түрде көрсетілген есепшотқа ақша аударуды, қызмет ақысын төлеуді, қандай да бір тауар үшін қаражат жіберуді немесе өзге де қаржы операцияларын орындауды талап ететін хабарламалар жібереді. Көбіне мұндай хабарламаларды бухгалтерлер, қаржы қызметкерлері және ұйымның қаражатына қолжетімділігі бар тұлғалар алуы мүмкін.
"Осындай хабарлама алсаңыз, ақша аудармаңыз және қаржы операцияларын орындамаңыз. Міндетті түрде басшымен телефон арқылы немесе жеке байланысыңыз. Телефон нөмірін, хабарламаны жіберген адамның аккаунтын және хабарлама мазмұнын мұқият тексеріңіз; күмән туындаған жағдайда хат алмасуды тоқтатып, болған жағдай туралы басшылыққа және жауапты қызметкерлерге хабарлаңыз", - деді ІІМ өкілдері.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз