Telegram арқылы жұмысқа тұрған: есірткі жасырып пайда тапқысы келген адам ұсталды

Telegram арқылы жұмысқа тұрған: есірткі жасырып пайда тапқысы келген адам ұсталды
Фото: gov.kz

Ақтөбе облысында жасырын есірткі қойып кетумен айналысқан күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полиция жедел іс-шаралар жүргізу барысында заңсыз есірткі сақтады деген күдікпен күдіктіні ұстады. Жеке тінту барысында оның күртесінің қалтасынан 25 түйіншек табылды. Олардың ішінде zip-пакеттерге салынған ақ түсті, ерекше иісі бар заттар болды.

Сараптама қорытындысымен бұл заттар мефедрон екені анықталды. Тергеп-тексеру барысында ұсталған 22 жастағы жігіт бірнеше күн бұрын Telegram арқылы құжаттарын жолдап, есірткі таратуға жұмысқа орналасқанын және осы қосымша арқылы жұмыс берушіден бірнеше нұсқау алып, кейінгі үш күнде Ақтөбе қаласында 54 жерге есірткі жасырғанын айтты.

Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.

Күмәнді жолмен ақша табуды көздеген күдікті үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова