Астанада Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесі іске қосылғалы бері жолаушылар тасымалының көлемі 11,5 миллионға жуықтаған. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әкімнің айтуынша, бұл көлік қала тұрғындары арасында сұранысқа ие болып, олардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып келеді.
"Елорданың көлік инфрақұрылымын әрі қарай дамытуға бағытталған жобаның екінші кезеңін іске асыру жұмысын қатар жүргізіп жатырмыз. Құрылыс бірнеше бағыт бойынша жүріп жатыр", - деді ол.
Жеңіс Қасымбектің сөзінше, тіректерді, эстакадалық құрылымдар мен станцияларды салу бойынша құрылыс-монтаж жұмысы жүргізіліп жатыр. Қазір 294 тірек (97 пайыз) орнатылып, 385 эстакадалық құрылым (73 пайыз) монтаждалған.
Жыл соңына дейін №401, 402 және 403 станцияларда бетондау жұмысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл бағытта барлығы үш станция салу көзделген.
Әкім жоба аясында сегіз станция салу көзделгенін айтты. Геологиялық зерттеу жұмысы аяқталған. Қазір қоршаулар орнату, сондай-ақ, құрылыс-монтаж жұмысын бастау үшін инженерлік желілерді көшіру және қайта орнату жұмысы жүргізіліп жатыр.
Бұл бағытта №201 ауысып міну станциясын есепке алғанда, тоғыз станция салу көзделген. Әкімнің айтуынша, геологиялық зерттеу жұмысы аяқталған.
Сығанақ даңғылы бойында (Қабанбай батыр мен Тұран даңғылдары арасындағы учаскеде) №201/301 станциялардың ауысып міну торабы салынып жатыр.
Қазақ радиосы көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы арасындағы учаскеде екі тірекке бетон құю жұмысы аяқталған. Ал өзге учаскелерде алдағы құрылыс-монтаж жұмысына дайындық жүргізіліп жатқаны айтылды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!