Жапониялық Sony компаниясы өзінің Twitter аккаунтында Apple-ді келеке етті. Компания: «Эй, Siri, батареяның жұмыс уақыты ше?» — «Sony-ге ауысыңыз!», - деп туиттеді.
Кез келген әзілдің түбінде аз болса да шындық бары анық. Екі күн бұрын ресми түрде таныстырылған iPhone 6s пен iPhone 6s Plus смартфондары көптеген жаңа функцияларға ие болғанымен, батареяның көлемі өзгермеген. Енді Apple-дің өткен жылғы гаджеттері сынды жаңа iPhone-ды да күнделікті қуат көзіне қосуға тура келеді.
Әзірге Apple смартфондары тұтынушылар тестісінен өткен жоқ. Дегенмен компанияның ресми сайтында қуат жинақтағышына тиесілі ақпарат түгел жарияланған. Айта кетсек, iPhone 6s смартфонын байланыста 14-24 сағат, автономды тәртіпте 10-16 күн, ғаламтор мен әлеуметтік желілерде 10-12 сағат, сондай-ақ, аудио файлдарды тыңдауда 50-80 сағат қолдана аламыз.
Өткен жылы сатылымға шыққан Sony Xperia Z3 флагманы қуат көзінің мөлшері бойынша iPhone 6 мен iPhone 6 Plus смартфондарынан көп болған. Phonearena ресурсының тәжірибесіне сәйсек, Sony Xperia Z3 белсенді жұмысқа 9 сағат 29 минут қана шыдаса, Apple девайстарының қуаты 5 сағат 22 минут уақытқа жеткен.
Айта кетсек, Apple бас директоры Тим Кук жаңа смартфондарды таныстыру кезінде оның батареясы туралы еш ақпарат бермеді. Мұның өзі оның өзгермегенін көрсетеді. Қуаты керісінше азайғаны да белгілі болып отыр.