SkyTrain желісі: Тоқаев Алматы мен облыс әкімдеріне тапсырма берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент Алматы агломерациясын дамыту қажет екенін айтты.

"Алатау қаласының Алматыға іргелес орналасуы зор мүмкіндіктерге жол ашатыны сөзсіз. Әсіресе, сауда-экономика және көлік-логистика саласындағы байланыстарды едәуір кеңейтуге болады. Мұны аймақтағы билік өкілдері де, кәсіпкерлер де жақсы түсінуге тиіс. Сондықтан тағы да атап өткім келеді: Алатау қаласында, ең алдымен, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау керек. Жаңа кәсіпорындар ашылса, мұнда жұрт та көбірек келіп, тұрақтай бастайды. Бұл үрдіс Алматыға жұмыс бабымен күнделікті келіп-кететін халықтың санын азайтады. Күн сайын Алматыға облыстан 400 мыңға жуық көлік кіріп шығады. Алматы агломерациясындағы көлік қатынасын күшейту қажет. Соның ішінде жылдамдығы жоғары қоғамдық көлік жүйесін белсенді дамыту керек", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы әкімдерге маңызды міндет жүктеді.

"Осыған орай, Алматы қаласының және Алматы облысының әкімдеріне "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, биыл бірінші тамызға дейін Skytrain желісін салу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл желі қаланың шекарасынан шығысқа және батысқа қарай тартылуға тиіс. Сондай-ақ, Алатау мен Алматы қалаларын жалғайтын жүрдек қоғамдық көлік жүйесін дамыту мәселесін пысықтау қажет. Жаңа шаһардың Үлкен Алматы айналма көлік жолының бойында орналасуы және Алатау қаласын Қорғаспен қосатын темір жол тармағы жоспарлануы келешекте Алматы агломерациясының ауқымын кеңейте түседі. Яғни ауқымды облыстық кластер пайда болады", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Almaty SkyHub заманауи мультимодальді логистика орталығы өңірдегі маңызды жобалардың бірі болмақ.  

"Осы өршіл жобаларды жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасап, инвесторларды белсенді түрде тарту керек. Қазірдің өзінде сауда-логистика орталығын және қойма инфрақұрылымын дамытуға қызығушылық танытып отырған әлеуетті серіктестер, соның ішінде шетел компаниялары бар екенін білемін. Осы мүмкіндіктерді барынша пайдалану қажет", - деді Мемлекет басшысы.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз