Премьер-министр Әлихан Смайылов Ресейден кеткеннен кейін қандай ірі компаниялар мен өндірушілер Қазақстанда жұмыс істеуді жоспарлап отырғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ге сілтеме жасап.
Премьер-министр Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында Ресейден компанияларды елімізге көшіру туралы айтты.
"Бүгінгі таңда байқалып отырған геосаяси қарама-қайшылық жалпы әлемдік дамуға теріс ықпал етіп жатыр. Энергия мен азық-түлік бағасы көтеріліп, логистика, сауда-көлік байланыстары үзілді. Осының бәрі әлем елдеріне кері әсерін тигізді. Үлкен инфляциялық процестер бар. Ал, Қазақстанда айырбас бағамының белгілі бір құбылмалылығы байқалады, бірақ біз валюта бағамын да, бағаның өсуін де тұрақтандыру шараларын қабылдап жатырмыз», - деді министрлер кабинетінің басшысы.
Сонымен қатар, Әлихан Смайылов Қазақстанға қандай компаниялар келгенін айтты.
"Қазір біз ресейлік нарықтан кеткен 250-ден астам компаниямен (олар негізінен шикізаттық емес секторлардағы батыс компаниялары) релокация бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Нақты таргет тізім жасадық, Қазақстанның олардың келуіне, біздің нарықта жұмыс істеуіне мүдделі екендігі туралы ақпарат бердік. Қазірдің өзінде 45 компания Қазақстанда жұмыс істеуге шешім қабылдады. Әр компаниямен жұмыс істеп жатырмыз», - деді Әлихан Смайылов сұхбатында.
Премьер-Министрдің айтуынша, кейбір компаниялар Қазақстанда жұмыс істей бастады, қалғандары жақын арада елімізге көшетін болады.
«Олар Skoda, GE Healthcare, Philips, Алматыда өндірісін ашқан Honeywell және т.б.», - деді премьер-министр.
Сұхбатында премьер-министр Президентпен қалай байланысатынын айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!