- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Sapar мен Qurylys:...
Sapar мен Qurylys: Қазақстан жолдары жайлы ақпаратты халыққа қолжетімді ету
Елімізде автомобиль жолдары жайлы ақпаратты қолжетімді әрі ашық ету мақсатында бірнеше сандық жоба жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірнешеуіне тоқталайық.
"Sapar" қосымшасы
Республикалық маңызы бар тасжолдарды хал-жағдайымен танысу мақсатында "Sapar" мобильді қосымшасы әзірленген. Навигациялық қосымша жол қозғалысына қатысушыларға хабар беру мақсатында жасалған.
Автожолдың ағымдағы жай-күйін, тасжолдың жабық не ашық екенін, айналма жолдар мен жол жөндеу жұмыстары қай жерде болып жатыр, ауа-райы жағдайы, ақылы жол учаскелері, жол жүру бағасы жайлы ақпараттар бар. Республикалық маңыздағы жолдардың сервисі жайлы толық мағлұмат орналастырылған. Қолданушылар қосымшаның қызметіне баға бере алады.
Қосымшаны PlayMarket-тен ;үктеп алуға болады. AppStore желісіне жақын арада орналастырылады.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының сарапшысы Александр Озарчуктың айтуынша, қосымшаның жоғарыда аталған ақпараттардан басқа, жол-көлік оқиғасы, қажетті бағытты таңдаған соң, ол жолдың ұзындығы, жол бойындағы ақылы учаскелер, жанар-жағармай құю бекеттері, дәмхана және қонақүйлер туралы ақпарат, қосымшада ауа райына қатысты мәліметтер мен ескертулер ұсынылады. Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының функциялары да қосылған.
e-Qurylys цифрлы жүйесі
Қазақстанда құрылыс саласын бақылауға арналған e-Qurylys цифрлы жүйесі іске қосылған. 2022 жылы іске қосылған жүйе автокөлік жолдарының құрылысын да бақылауға алуға арналған.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглованың айтуынша, құрылыс экожүйесіне қатысты барлық ақпараттар бірыңғай басқару платформасына жинақталып, тиімді заманауи мемлекеттік басқару жүйесі құрылды. Ішінде нақты деректер енгізіліп, кешенді әрі уақтылық басқару шешімдерін жүзеге асыратын механизм іске қосылған.
"Аталмыш жүйе құрылыс процестеріне қатысушы тараптар (мердігер, тапсырыс беруші, техникалық және авторлық қадағалау субъектілері) мен мемлекеттік органдардың байланысын жақсартып, өндірістік үдерістерін автоматтандыруға септігін тигізбек. Осы платформаның арқасында құрылысы жүріп жатқан 109 республикалық автожолдың хал-жағдайы бақылауда ұсталып отыр. Жүйеге 71 тұрғын үй нысаны тіркелген. Жүйеге тіркелген пайдаланушылардың 28 мыңға жетіп қалды. Техникалық және авторлық қадағалау сарапшыларының саны – 9643", – деді министрдің орынбасары.
Министрлік жол активтерін басқару жүйесін жол секторын цифрландыру жолымен жүзеге асырып отыр. Мақсаты – жолдағы ақауды дер кезінде анықтау және автожолды жөндеуге жұмсалатын шығындарды оңтайландыру. Осының арқасында көп шығынның алдын алуға болады.
"Биыл осы жүйенің көмегімен республикалық маңыздағы жолдардың жалпы ұзындығының 67%-на бағалау жүргізілмек. Ал 2023 жылдың соңына дейін бағалау көрсеткіші 100 пайызға дейін жетпек", - дейді Динара Щеглова.
Көлік көлемін өлшеу
Республикалық маңызы бар жолдарға автоматтандырылған бекеттер қойылып, көлік құралдарының салмағы мен сыртқы көлемі автоматты түрде өлшенбек. Елді жүкте автокөлікпен тасымалдау көбейген. Бұл өз кезегінде асфальттың күнібұрын бұзылып, жолда ақау пайда болуына әкелуі мүмкін. Мұның алдын алу мақсатында түбегейлі шаралар қабылданбақ.
Еліміздің жолдарында көлік құралдарының салмағы мен сыртқы көлемін өлшеу автоматтандырылған стансалар арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, осыған байланысты жол бойына көлік құралының салмағы мен сыртқы көлемін өлшейтін автоматтандырылған стансалар орнату жоспарланып отыр.
"Сондықтан "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасы ұсынылып отыр. Заң жобасында өлшеу стансаларын орнату және олардың жұмыс істеу тәртібін айқындайтын нормалар қарастырылған. Бұл орайда аталған стансалар "Сергек" бейнебақылау жүйесінің қағидатына сәйкес, яғни адамның қатысуынсыз жұмыс істейтінін айта кету керек", – деді Қайырбек Өскенбаев.
Автоматтандырылған станса автожол сапасын ұзақ сақтауға, автокөлік жолдарының жағдайын үнемі бақылауда ұстауға, оған адами факторды араластырмауға мүмкіндік береді.
Қ. Слямбек