Samsung смартфонға арналған 11К-дисплей шығарады

Samsung смартфонға арналған 11К-дисплей шығарады
Фото: applemagazine.com

Samsung компаниясы 2250ppi тығыздыққа ие мобильді дисплей шығаратын болды. Оңтүстік Корея үкіметі аталған компанияның EnDK атты жобасына алдағы бес жылда 26,5 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құятын болады. Etnews агенттігінің ақпаратына сәйкес, 11К сападағы дисплей шығару жобасы ағымдағы жылдың бірінші маусымынан басталып, оған 13 өндірістік компания қатысуда екен.

Айта кетейік, 2250ppi пиксельді тығыздық қазір қолданыста жүрген Quad HD (576ppi) дисплейінен 4 есе сапалы болмақ. Мұндай мобильді көрсеткіш смартфонда 3D-эффектіні көруге мүмкіндік береді.

Samsung өнімінің бірінші прототибі 2018 жылы Пхенчхан қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындары барысында таныстырылады. Аталған өніммен қатар халықаралық іс-шара барысында мобильді байланыстың секундына 20 гигабайт ақпарат тасымалдау жылдамдығы ұсынылатын болады. Ал жоғары сапаға ие дисплейдің коммерциялық нұсқасы 2019 жылдан жаппай сатылымға шықпақ.

Ж. Өрісбай