Samsung Electronics көп жылдар бойы Apple серіктесі болып келген еді. Оңтүстіккореялық компания iPhone бөлшектерін дайындаумен айналысып келген. Бірақ смартфондар нарығындағы өзара бәсекелестік пен бірнеше жылға созылған патенттік сот істері ортақ келісімдерді жоққа шығарды. Енді көптеген тапсырыстарынан айырылған Samsung келісімнің күшін қайта қалпына келтіруді жоспарлап отыр.
The Korea Times ақпараттық ағымының хабарлауынша, Samsung компаниясы iPhone смартфондарының келесі нұсқасы үшін NAND flash чиптерін дайындау үшін Apple-мен келісім-шарт жасауда. Әзірге екі жақтың өкілдері ортақ келісімге келген. Жалпы тапсырыстың құны мен көлемі басты мәселе болып отыр.
Қазіргі нарықта ең көп сұранысқа ие болып отырған iPhone 6 смартфондарының флеш-жадын Toshiba, SK hynix және SanDisk компаниялары құрастырған болатын. Ағымдағы жылдың көктемінде өз мәресіне жеткен халықаралық сот ісі Samsung-тің жаңа тапсырыстар алуына мүмкіндік бермеді.
Бейресми ақпаратқа орай, Samsung америкалық бренд негізінде шығатын смартфондардың 64-гигабайтты жадын шығару үшін тапсырысқа ие болуы мүмкін. Себебі дәл осы нұсқасы Қытай, Еуропа және тағы басқа елдерде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Тапсырыстың да мол болуын ескерсек, Apple компаниясының Samsung-тен басқа еш таңдауы болмайтыны белгілі.
Одан бөлек, Samsung iPhone 6s және iPhone 6s Plus смартфондарында қолданылатын Apple A9 есептеу процессорын құрастыру саласында да келісімге ие болуы мүмкін. Нақты бұл салада оңтүстіккореялық алыпқа TSMC компаниясы бақталастық тудыра алады. Ал тапсырыстар мүмкіндігі әзірге белгісіз.
Сонымен қатар, Taipei Times басылымының жазуынша, Apple компаниясының 2016 жылғы өнімдерінде қолданылатын A10 процессорлерінің 50%-нан артығын TSMC орындайтын болады.