Самсунг компаниясы барлық электронды құрылғыны дөңес кейіпке келтіруге шындап кіріскен секілді. Дөңес теледидарлар мен гаджеттерден кейін оңтүстіккорейлік компания аталған технологияны дербес компьютерлер нарығына енгізуді де ұйғарыпты.
Mashable ғаламтор ресурсы хабарлауынша, Samsung алдағы уақытта 27-дюймді дөңес Full-HD дисплейге ие моноблок шығаратын болады. Ativ One 7 атауына ие дербес компьютер TN технологиясымен құрастылырып, Windows платформасына қондырылады. Сонымен қатар, компьютер процессоры Core i5, жедел жадысы 8 гигабайтты және негізгі жадысы 1 терабайтты қамтиды.
Расымен дербес компьютердің матрицасы онша қуатты болмағанымен, компания оның дөңес кейпіне көп мән беруде. Құрастырушылардың айтуынша, қарапайым экранға қарағанда, дөңес үлгіде жұмыс істеген әлдеқайда ыңғайлы болады. Ендеше оңтүстіккорейлік компания жаңа технологияны ары қарай дамытып, одан да дөңес кейіпке келтіру мүмкіндігін қарастыратын болады.
Ativ One 7 моноблоктары 2015 жылдың бірінші кварталында сатылымға шығады. Оның бағасы 1299 АҚШ долларын құрамақ.
Сурет: www.theverge.com