Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев STADA Group компаниясының вице-президенті Кристос Галлиспен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында денсаулық сақтау және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев STADA компаниясы денсаулыққа қажетті тұтыну тауарлары сегментінде Қазақстан нарығындағы көшбасшылардың үштігіне кіретінін атап өтті. Президенттің айтуынша, Алматыда компания кеңсесінің ашылуы – табысты және қарқынды дамып келе жатқан ынтымақтастықтың айқын дәлелі.
Мемлекет басшысы Қазақстанда биотехнологиялық кластер құру жұмысы белсенді жүргізіліп жатқанына назар аударды.
Президенттің пікірінше, QazBioPharm ұлттық холдингімен ғылыми-зерттеу және өндіріс саласында бірлесе жұмыс істеу үшін STADA компаниясына зор мүмкіндік ашылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық компанияны бірлескен зерттеулер жүргізіп, әзірлемелер дайындауға, өндірісті ұйымдастыруға, сондай-ақ тәжірибе алмасуға және мамандардың біліктілігін арттыруға шақырды.
Кристос Галлис ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытып, компанияның Қазақстандағы медициналық жобалар мен бағдарламаларға инвестиция құю мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екенін атап өтті.
STADA – жоғары сапалы дәрі-дәрмек өндіретін жетекші компаниялардың бірі. Компания өз өнімдерін әлемнің 120 елінде сатады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!