"SMS-хабарлама келмеді". Түркия тұрғындары Massaget.kz-ке жер сілкінісі туралы айтып берді

Түркиядағы мыңнан астам адамның өмірін қиған жер сілкінісі туралы Дидим мен Стамбул тұрғындары Massaget.kz тілшісіне баяндап берді.

Газиантеп қаласынан 800 шақырым қашықтықта орналасқан Дидим қаласының тұрғыны Селим Ушактың айтуынша, жер сілкінісі болатыны туралы алдын ала SMS-хабарлама келмеген.

"Таңертеңгі жер сілкінісінен бөлек, тағы да 7,7 балдық жер сілкінісі болды. Әрі қарай дүмпу жалғасатынын ескертті. 10 қалада жер сілкінді. Ең күштісі Кахраманмараш провинциясында болды. 1 000-нан астам адам мерт болды. Бұл - әзірше ресми тіркелгендер, әлі өлгендер саны көбейеді. Құтқарушылар әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатыр. Ал дәл қазір Түркияның "Афад" құтқару қызметі тұрғындарды өлімнен арашалап жатыр. Төтенше жағдай болған жерден әлі де ешкіммен байланыса алмай отырмыз", - дейді Дидим қаласының тұрғыны.

Ал Стамбул тұрғыны Аслы Ердонмез де ескерту ретінде SMS-хабарлама келмегенін айтып отыр. Олар қазір тұрғындарға көмек ретінде киім, су, нан, үйге керек заттарды жинап қойыпты.

"Мемлекет апат болған жерге көмек ретінде ұшақпен жібереді. Қазір ауа райы қолайсыздық туғызып отыр. Қатты суық, бұған қоса, екінші рет 7,5 балдық жер сілкінісі болды", - дейді ол. 

Еске салайық, бүгін, 6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жер сілкінді.  Кейінгі дерек бойынша 1 498 адам мерт болды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Юнус Сезер хабарлады. Түркияда төтенше жағдай жарияланған.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның оңтүстік-шығысында адам шығынына әкеп соқтырған жер сілкінісіне байланысты Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айтты.

Президент Тоқаев Үкіметке Түркиядағы зілзалаға қатысты шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. 
 

 Есентемір ЕРБОЛҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!