“Roblox сөзін білмейтін бала жоқ“. Депутат танымал ойынның жағаұстатар қауіпті тұстарын ескертті

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Roblox ойынына қатысты маңызды мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдады.

"Қазір интернет пен онлайн ойын платформалары балалар мен жасөспірімдердің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Солардың бірі - Roblox онлайн платформасы. Қазір Roblox сөзін білмейтін бала жоқ. Бұл - пайдаланушыларға өз ойындарын құруға, виртуалды әлемде қарым-қатынас жасауға, басқа ойыншылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін халықаралық платформа", - деді ол.

Депутаттың сөзінше, 2025 жылғы ашық дереккөзге сәйкес Roblox платформасына кіретін күнделікті белсенді қолданушылар саны 150 миллионға жуық. Басым бөлігі - кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер.

"Ата-аналар, педагогтер және халықаралық сарапшылар тарапынан Roblox ойыны балалар психикасына кері әсер етуі мүмкін екені туралы алаңдаушылық жиі көтеріледі. Виртуалды тәуелділік, агрессивті мінез-құлық, шынайы өмірден алшақтау, сондай-ақ, жас ерекшелігіне сай келмейтін контентпен бетпе-бет келу деректері кездеседі", - деді Үнзила Шапақ.

Депутаттың айтуынша, Roblox сияқты ашық онлайн платформаларда педофилдер мен алаяқтар белсенді әрекет ететіні туралы дерек бар.

"Алдымен ойындағы виртуалды чат арқылы баланың сеніміне кіріп, кейін Roblox-тен Telegram-ға көшіп, құпия кездесуге шақырады және аяғы қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін. Алаяқтар да дәл осылай баланың сеніміне кіріп, оған сыйлық беруге уәде етіп, ата-анасының картасының нөмірін және sms кодты сұрайды. Бала сеніп, олардың айтқанын орындайды", - деді ол.

Бұған дейін мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтің жауабында "Roblox-ті бұғаттау немесе шектеу мәселесін қарастырмаймыз" делінген.

"Балалар қауіпсіздігіне, психологиялық дамуына байланысты бірқатар мемлекет қатаң шаралар қабылдап жатыр. Түркия, Қатар, Ресей, Қытай, Иран, Солтүстік Корея және басқа да мемлекеттерде бұл платформа бұғатталды. Ал Қазақстанда не себепті әлі күнге дейін бұл платформаға шектеу немесе терең сараптама жүргізілмей отырғаны түсініксіз күйінде қалып отыр", - деді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!