Questra Holding ins қаржы пирамидасын құрғандар сотталды

Астанада сот қылмыстық топты құрған және басқарған, қаржы пирамидасын құрғандарды соттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты трансұлттық ұйымдасқан топты құрды, оған басшылық жасады (ҚК 264-бабының 1-бөлігі) және аса ірі мөлшерде ақша қаражатын тарта отырып, адамдар тобында қаржы пирамидасын құрды (ҚК 217-бабы 3-бөлігінің 1,2-тармақтары) деп айыпталған К-ға қатысты үкім шығарды.

Айыптаудың мәні

Ресей Федерациясының К. атты азаматы 2016 жылдың наурызы мен 2017 жылдың маусым айы аралығында басқа адамдармен бірге трансұлттық ұйымдасқан топтың құрамында алдын ала сөз байласу арқылы қаржы пирамидасын құрып, салымшыларды тартты.
Бұл тұлғалар Questra Holding ins компаниясын құрып, ол 2016 жылы бірі - инвестициялық компания ретінде Atlantic Global Asset Management (AGAM), екіншісі - брокерлік компания Questra World болып, екі компанияға бөлінді.

Қылмыстық іс-әрекеттердің нәтижесінде қылмысқа қатысушылармен ҚР 529 азаматына жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам материалдық залал келтірді, олар өз кезегінде жоғарыда аталған адамдарға және басқа да белсенді агенттерге сеніп, алданып, компанияның ойдан шығарылған инвестициялық жобаларына өздерінің жеке ақшалай қаражаттарын салған.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбалармен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.

Тараптардың ұстанымы

Прокурор бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушы бұл ұйымдарға ешқандай қатысы жоқ екенін атап, кінәсін мойындамады.
Қорғаушы тарап сотталушы К-ны ақтауды сұрады.

Сот үкімі

ҚК 264-бабы 1-бөлігінің санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны, ал ҚК 217-бабының 3-бөлігі 5 жылдан 10 жылға дейінгі (2017 жылғы редакцияда) мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Сот сотталушының жас балаларының болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен К. ҚК 264-бабының 1-бөлігінде және 217-бабы 3-бөлігінің 1,2-тармақтарында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жасалған қылмыстардың ауырлығы мен мән-жайларын, жәбірленушілердің пікірін ескере отырып, сот сотталушыға қылмыстар жиынтығы бойынша (ҚК-нің 58-бабы) 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!