- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Qazforum: Қазақ қоғамына...
Qazforum: Қазақ қоғамына қандай медиа қажет?
Нұр-Сұлтан қаласында Qazforum атты қазақ тілінде онлайн контент жасаушылардың IV форумы өтті. Форумның алғашқы пленарлық пікірталасы "Қазақ қоғамына қандай медиа қажет?" деген тақырыпқа арналды. Пікірталас спикерлері: саясаттанушы Айдос Сарым, "Айқын" газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғараев, "Nege.kz" порталының бас редакторы Ерік Рахым, саясаттанушы Самат Нұртаза, "Tarlan.kz" порталының бас редакторы Нұрғали Нұртай. Назарыңызға пікірталастағы спикерлердің ең маңызды пікірлерін ұсынамыз.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
Қазіргі қазақ баспасөзі өзін шектеп келе жатыр, бір жағынан мемлекетке және қоғамдық пікірге тәуелді болып қалды. Қазаққа ұнамайтын әңгімелерді айту азайып кетті, біз қазаққа тек ұнайтын әңгімелерді айтуға тырысып келеміз. "Лайк жинайтын", "ойбайлататын", тіпті қоғамды алаңдата бермейтін нәрселерді айтып келе жатырмыз.
***
1926 жылы үлкен санық өтіп, Ахмет Байтұрсынұлы "Әлхамдулла, 6 миллион қазақпыз!" деген мақаласы шықты. Биыл санақ. Өкінішке қарай, баспасөзде көп нәрсе көріп жүрген жоқпын. Ал негізі, қазір "Әлхамдулла, 14 миллион болдық, 70 пайыздан астық, көпшілікке айналдық, сан сапаға айнала ма, айналмай ма?" деген мәселе көтеретін заман сияқты.
***
Қазір қазақ баспасөзінің иісі қалмаған сияқты көрінеді. Газеттер, сайттар бір-бірінен айнымай кетті. Жаңа сайттар ашылып жатыр, бірақ үлкен бір өзгеріс көрінбейді.
***
Қазақ баспасөзі нарықтық экономика мен демократия үшін күресуіміз керек сияқты. Өйткені бізді ұлт ететін, жаңа бағытқа бастайтын дүние осы.
***
Біздің баспасөзге саяси алаң жетіспейді. Оңшыл, солшыл, орта таптың мәселесімен айналысатын газет-сайттар пайда болса деймін. Себебі қазаққа тарихтың айналасындағы дау емес, шын саяси даулар жетіспейді. Менің түсінігімдегі қазақ көбіне көп "бәрін бізге алып бер, жеткізіп бер" дейтін – солшыл қоғам. Бәлкім 3-4 жылдан кейін бізге 90-жылдары көрмеген нарықтық реформалар қажет болар. Соны айтып жүрген адам некен-саяқ, оны тек элиталық мәселелерде ғана немесе орыс тілінде талқылаймыз. Ал қазақ қоғамының өзін дайындауға қаншалықты пәрмені бар? Оны насихаттау баспасөздің міндеті. Біріншіден, халықтың өз елінің иесі екенін, сендіріп дәлелдеу, екіншіден, осы елді не істейміз, қалай қозғалып, қандай бағытқа түсеміз деген әңгімені айту қажет.
Нұрмұхамед Байғараев, "Айқын" газетінің бас редакторы:
Баспасөз дағдарыста дегенге келіспеймін, отандық газеттерде әжептәуір сапалы материалдар жарияланып жүр. Екіншіден, "қазақтың дәстүрі, діні" деген тақырыптан қазір кетті. Газет бетін қарасақ, жасанды интеллект, 5G, төртінші индустрияның артықшылығы, кемшілігі деген сияқты тақырыптар қозғалады.
***
Газет ақпараттық нарықта қалай тірі қала алады? Ол үшін бәсекелестеріңде жоқ нәрсені беру керек. Газеттің бәсекелестері – ақпараттық сайттар, дәстүрлі емес ақпарат көздері. Олардың мақсаты – ақпаратты барынша жылдам беру. Ал газет соны барынша сараптап, терең зерттеуі керек. Бұл – бірінші бағыт. Екінші бағыт – цифрлы медиасын дамыту.
Нұрғали Нұртай, "Tarlan.kz" порталының бас редакторы:
Журналист үнемі ақпарат таратушы болып қалмауы тиіс. Ол кейін сарапшы буынға айналуы керек.
***
Басапсөз хатшылары және өзге де ақпарат көздері ақпаратты бірінші қазақ тілінде берсе, қазақша ақпараттың қалыптасуына ықпал етер еді. Ақпарат алдымен орысша шықты, оны оқырман оқып қойды. Екінші жауапкершілік біздің бас редакторларда. Ақпарат көздері бірінші орыс тілінде берді делік, ал бас редакторлар оны 5 минут ұстай тұрып, бірінші қазақша берсе болады.
Ерік Рахым, "Nege.kz" порталының бас редакторы:
Қазіргі сайттардың кемшілігі – дәстүрлі газеттердің қателігін қайталап жатыр. "Шыңғысхан қазақ па әлде моңғол ма?" деген тақырыпты алайық. Мысалы сол керек пе? Одан әлеуметтік мәселе шешіле ме? Біз неге экономикалық, саяси сараптама бермейміз? Бұл жазылса, сайтыңыз, газетіңіз оқылады. Мен мысалы nege.kz сайтына салыстыру үшін екі ақпарат бердім. Біреуі бір әншіні зорлап кетпекші болды деген сарында, екіншісі "Еуразиялық экономикалық одақтың бізге керегі бар ма?" деген сараптама материал. Қайсы көп оқылды? Әрине, әншіні зорлап кетпекші болды деген ақпаратты бес мыңнан аса адам оқыды, ал екіншісін бес жүз адам оқыды. Мен сол бес жүз адамға көңіл бөлемін. Өйткені бес мың адамнан, сараптама оқитын бес жүз адамым әлдеқайда сапалы. Мен соларға жұмыс істеуім керек.
Massaget