“Qazaqshа терапия“. Әншілердің жаңа тобы ерекше концерт өткізді

"Qazaqshа терапия" деп аталатын дәстүрлі ән, күй, жырларды заманауи нақышқа салып айтатын Қазақстандағы алғашқы музыкалық театрландырылған жоба жүзеге асырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Халық әндерін жаңа интерпретацияда орындайтын музыкант ARO (Арман Сейітжаппар) Алматыда концерт өткізді. Бұл оның көп адам жинаған алғашқы жеке кеші.

Концертте әнші, актер Әсет Есжан мен ол авторлық ететін "Qazaqsh терапия" ұжымы да өнер көрсетті.

Айта кетейік, "Qazaqshа терапия" - дәстүрлі ән, күй, жырларды заманауи нақышқа салып айтатын Қазақстандағы алғашқы музыкалық театрландырылған жоба. Бірге өнер көрсету идеясын музыкант ARO ұсынған екен.

"Мен таңғалдым, жастар дәстүрлі әнді тыңдамайды деп жатады ғой. Бәрі бізден екен. Біз оларға қажетті етіп ұсынайық, тыңдайды. "Ақ Сисаны", "Қыздар-айды" бірге айтты ғой жаңа", - деді Әсет Есжан НТК телеарнасына берген сұхбатында.

Концертті тамашалауға Данияр Алшынов, Саннұржан Сүлейменов сияқты танымал актерлер де келген.

"Жаңа толқындағы жас әншілердегі маған ең қатты ұнайтын жері - шынайылық, еркіндік", - деп пікір білдірді Саннұржан Сүлейменов ARO туралы.

Жас әнші ARO енді үлкен ареналарда өнер көрсетуді мақсат еткенін айтты.

Еске салайық, Арман - Қызылорда облысы Шиелі ауданының тумасы. Ол кейінгі үш жылда 20-дан астам ән жазған. Оның ішінде ең танымалдары: "Үлгіліге жыр", "Алаңғасармын", "Қимастық жыры", "Асқақ арманыма". 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз