Qalqan платформасы не үшін керек: ӘМСҚ басшысы түсіндірді

Qalqan платформасы не үшін керек: ӘМСҚ басшысы түсіндірді
Фото: depositphotos.com

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Гүлмира Сәбденбек Qalqan платформасының не үшін құрылып жатқанын түсіндірді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қор басшысының айтуынша, Qalqan бұрыннан бар шешімдердің үстінен жаңадан бөлек жүйе болып құрылмайды. Яғни бұл – Қордың қолданыстағы цифрлық жүйесін жаңғыртып, оны Қаржы министрлігі қолданылып жүрген заманауи технологиялық платформаға көшіру.

"Бұл платформаның таңдалуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, оның ішінде дайын технологиялық шешімдер бар. Екіншіден, ол Қаржы министрлігінің интеграциялық мүмкіндігін кеңірек пайдалануға жол ашады. Үшіншіден, жаңа инфрақұрылым құрмай-ақ, қажет функцияларды әлдеқайда жылдам енгізуге мүмкіндік береді", – деп жазды Сәбденбек.

ӘМСҚ басшысы платформа жасау үшін қосымша қаржы керек болады деген ақпаратты жоққа шығарды.

"Платформа денсаулық сақтау жүйесіне қосымша шығын шығармай іске асырылады", – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, Гүлмира Сәбденбек Qalqan медициналық ақпараттық жүйе емес екенін және Damumed секілді қызметтердің орнын баспайтынын мәлімдеді.

"Платформа емдеу процесіне араласпайды және дәрігерлерге қосымша жүк түсірмейді. Оның негізгі мақсаты – қаржы ағынын ашық ету, көрсетілген қызметтерді тексеру және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатының қалай жұмсалып жатқанын бақылау. Шын мәнінде, бұл – цифрландырудың келесі кезеңіне өту. Яғни жекелеген операцияларды есепке алудан шығындарды және олардың тиімділігін басқару деңгейіне көшу. Жаңа платформа деректерді біріктіріп, есеп-қисаптың ашық болуын арттырады және қаржы қозғалысын басынан аяғына дейін бақылауға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді қор басшысы.

Сәбденбектің айтуынша, Qalqan платформасының басты міндеті – әрбір төленген қызметтің нақты расталуын, ал МӘМС жүйесіндегі әрбір теңгенің негізді жұмсалып, медициналық көмекке бағытталуын қамтамасыз ету.

Контекст

Жуырда премьер-министр Олжас Бектенов МӘМС жүйесін жетілдіру мәселесі қаралған кеңес өткізді. Сол жиында жаңа Qalqan цифрлық платформасы таныстырылып, ол жаңадан құрылып жатқан МӘМС архитектурасының технологиялық негізі әрі "цифрлық қалқаны" ретінде сипатталды.

Еске салайық, 16 қаңтарда Үкіметте Медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы шешім қабылданды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget