QYR.space. Еліміздегі өнер иелерінің басын біріктіретін жоба ашылмақ

Елордада QYR.space ұйымы шығармашылықпен айналысатын азаматтарға арналған көрме өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Болашақ жобаның аясында QYRlike атты көрме ұйымдастырылды. Онда еліміздің дарынды суретшілері мен қолөнершілері қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді көрсетті. Атап айтқанда, туындыларда отбасылық құндылықтар, руханият және дәстүрлер жайлы ой қозғалды.

Қонақтар көрмеге кіру үшін екі жерден, яғни қызыл және ақ түске боялған ақжаймалардан кіреді.

"Ақ түс молшылықтың, жақсылықтың белгісі, оның жалпы мағынасы да көп. Ал, қызыл түс адамның эмоция жағынан ішкі сезімін, амбициясын білдіреді. Адамдар көбі ақжаймадан өтеді. Ақжайманың мағынасы – сіз үйіңізге келдіңіз бе? Онда өткен оқиғаға, өткенге кешіріммен, ертеңгі күнге жаңа көзқараспен қарау. Болғанды өзіңнен өткізіп, қабылдайтынын қабыл алып, кешіретінді кешіруге тиссің. Басты мақсат – тыныш ұйықтау. Өйткені мазасыз жағдайда сіз ертең тұрасыз ба, тұрмайсыз ба оны бір Құдай біледі", – деді фотосуретші Оспан Әли.

Көрмедегі жұмыстың авторлары:

  • Джиенгазиева Жадырагуль – сәнгер
  • Сейдахмет Жанғазы Алымұлы – қолөнерші
  • Сейсенби Айбар – портрет суретшісі
  • Шідербаев Талғат – суретші және дизайнер
  • Жанна Нугербек – қолөнерші

Ол қоғамда QYR.space жобасы неге маңызды екенін түсіндірді.

"16 желтоқсан көп жағдайда мереке ғана емес, өнер адамдарының жылдық қорытындысын жасайтын кезең. Фото саласында жүргеніме 10 жыл толды. Біржағынан мүшел жасқа да келдім. Биыл жинаған тәжірибемнен қорытынды жасайтын кез келді деп ой түйдім. Тек коммерициялық тұрғыда емес, өз біліміммен бөлісіп, орта қалыптастырғым келді. Кейде өнер адамдары жеке бренд қуып, өнерлері жайында қалып жатады. Міне, осы жолда бағыт пен тәжірибе беретін орта қалыптасса дедім. Мақсат – еліміздегі өнер адамдарының басын біріктіретін орта құру. Егін науқаны біткен соң шаруалар бәрін есептеп талқыға салады ғой, дәл сол сияқты өнер иелерінің де басы қосылса деймін", - дейді ол.

Өнер иесі "қыр баласының" тағы бір мәні қолдау білдіру екенін айтады.

"Біз бір-бірімізді ауырып қалғанда, қайғылы жағдай болған кезде ғана қолдап жатамыз. Алайда, шынайы идея туып, жоба бастаған тұста қолдаудың жоғалып қалатыны бар. Бұл жердегі ең басты көздегеніміз - тұлға бұл өмірден кеткенде немесе басқа да жағдайға тап болғанда емес, көзі тірі кезінде жұмыс істеп тәжірибе алмасып қалу. Өйткені елімізде қыр баласына лайықты бірақ еңбегі еленбей жүрген көп адам бар. Олардың қазірден бастап жан-жақты қырын танымасақ, кеш болуы мүмкін. Бастысы, өзімізге керек", - деді фотосуретші.

 Оспан Әли алдағы уақытта жобаға сарапшылар шақырылатынын атап өтті.

"Оларға тек бір талап қоямыз. Жыл соңына дейін бүкіл елімізге жобасын көрсетуге тиіс. "Қимылдаған қыр асар" дейді. Біз мұны жинала отырып, кішкентай жобалардан қолдау көрсетсек, азаматтарымыздың талабы мен талантын ашсақ деген ниеттеміз", - деді Әли.

 Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!