Pfizer вакцинасы биологиялық қару ретінде қолданылуы мүмкін бе?

Қазақстандық Telegram-арналарда Pfizer вакцинасы нейродегенератив аурулар тудыратындықтан, оны биологиялық қару ретінде пайдалануға болатынын дәлелдейтін зерттеу туралы ақпарат тарады. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды stopfake.kz.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, биологиялық қару - бұл вирустар, бактериялар, саңырауқұлақтар немесе басқа токсиндер сияқты микроорганизмдер, олар адамдар, жануарлар немесе өсімдіктер аурулары мен өліміне әкелу үшін әдейі өндіріліп шығарылады. Вакциналар токсиндер емес және эпидемия тудырмайды. Сондықтан олар биологиялық қару болып саналмайды.

Нейродегенеративті аурулар - бұл ми жұмысын бұзатын аурулар. Мысалы, Альцгеймер ауруы, Паркинсон ауруы, моторлы нейрон ауруы.

COVID-19 қарсы вакцинация мен осы аурулардың дамуының арасында байланыстың бар екеніне ешқандай дәлел жоқ.

Бұл байланысты растайтын зерттеу 2021 жылғы қаңтарда Microbiology and Infectious Diseases журналында жарияланды. Бұл журнал мақалаларды тексерусіз және рецензиясының бар-жоғына қарамастан шығарады. Демек, оны беделді журнал деп айта алмаймыз.

Зерттеу авторы Барт Классеннің де ғылыми ортада беделі жоқ. Ол бұған дейін екі еңбегін осындай күмәнді журналдарда жариялаған болатын. Олардың бірінде ол вакциналардың қант диабетімен байланысын "дәлелдеген". Екіншісінде вакцинация семіздікке әкеледі деп мәлімдеді. Екі мақаланы да ғалымдар сынға алып, Классеннің әдістемесі күмәнді және оларда автордың тезистерін растайтын нақты деректер жоқ екенін атап көрсетті.

Вакциналардың нейродегенератив аурулармен байланысы туралы айтылатын зерттеуде де осы мәселелер бар.

"Мақалада Классеннің мәлімдемесін растайтын деректер немесе көрсеткіштер болған жоқ. Оның орнына, жарияланымда автор белгілі бір ми ақуыздарын жұқпалы бөлшектерге айналдыру үшін COVID-19 қарсы Pfizer-Biontech вакцинасының "әлеуетін бағалады" деген түсініксіз әдістемелік бөлім бар. Мақалада Класеннің бұл бағалауды қалай жүргізгені нақты түсіндірілмеген", - деді CIMUS биомедициналық зерттеулер институтының доценті және приондар зертханасының жетекшісі Джесус Р. Рекен Health Feedback порталына берген сұхбатында.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының өкілдері де PolitiFact порталына клиникалық зерттеу кезеңінде де, жаппай егу науқаны кезінде де вакцинация салдарынан нейродегенератив ауруды дамытатын бірде-бір вакцинацияланған адам туралы мәлімет болмағанын айтты.

Демек, Pfizer вакцинасы бірқатар қауіпті ми ауруларын тудырады және биологиялық қару деген ақпарат - фейк. Бұл хабарлама нақты деректерді қамтымайтын және беделі күмәнді журналда жарияланған зерттеуге негізделген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!