- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Pfizer вакциналары бедеуліктің...
Pfizer вакциналары бедеуліктің пайда болуына ықпал ететіні рас па?
Әлеуметтік желілерде Pfizer-Biontech шығарған COVID-19-ға қарсы вакцина бедеулік тудырады деп жазылған. Бұл туралы Pfizer компаниясының бұрынғы вице-президенті Майкл Йидон мәлімдеді. Оның айтуынша, компания басшылығы қорқынышты әсер туралы білген, бірақ оны әдейі жасырған. Бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Майкл Йидон 2011 жылға дейін Кентте Pfizer компаниясының аллергиялық және тыныс алуды зерттеу бөлімінің вице-президенті қызметін атқарған. Бұдан екі нәрсе шығады. Біріншісі, ол вакциналармен және вирустық аурулармен жұмыс істемеген. Екінші, ол компаниядан COVID-19 қарсы вакцина әзірлене бастағанға дейін кетіп қалған. Яғни, ол осы препарат немесе жалпы вакциналар туралы хабарсыз.
Дегенмен COVID-19 пандемиясы басталғанда ол вакцинацияға қарсы адамдар арасында танымал болды. Ол вакциналардың клиникалық сынақтарын тоқтатуды талап етіп, олардың қауіпті екенін айтып, бірнеше рет мәлімдеме жасаған. Кейін ол вакциналардан балалар көз жұмады, ал жүкті әйелдер түсік тастайды деді. Мұның бәрі жалған болып шықты.
Бұл жолы Йидон Pfizer вакциналары бедеулікке әкеледі және компания өкілдері бұл туралы басынан бастап білген, бірақ препаратын кедергісіз сату үшін жасырған деп хабарлады.
Мұндай жанама әсер шынымен бар болса, оны жасыру қиын болар еді. Клиникалық зерттеулерден бөлек, препараттардың әртүрлі жанама әсерлерін, олардың көріну жиілігі мен қарқындылығын тәуелсіз ғалымдар да бағалайды. АҚШ Ұлттық медицина кітапханасының сайтында фертильділік пен Pfizer-дің COVID-19 қарсы вакцинасының арасындағы байланыс туралы бірнеше зерттеу бар. Олардың ешқайсысы бұл індетті жұқтырғандар балалы болу қабілетін жоғалтады деген болжамды дәлелдемейді.
Зерттеулер адамдардың әртүрлі санаттарында және әртүрлі үлгілерде жүргізілді. Қатысушылардың жыныс жасушалары вакцинацияның толық курсына дейін және одан кейін талданды. Ғалымдар айтарлықтай өзгерістерді байқамады.
Сондай-ақ, ағылшын тіліндегі фактчекерлер Йидонның вакцина бедеулікке әкелуі мүмкін деген теориясын да жоққа шығарды.
Олай болса, Желіде таралған ақпаратқа сенуге негіз жоқ. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері бедеулік COVID-19 қарсы вакциналардан болады деген теорияны растамайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек