Microsoft Spartan анонсынан кейін бұрынғы Opera браузерінің басшылары жаңа интернет браузерін таныстырды. Құрастырушылардың айтуы бойынша, Vivaldi атауына ие жаңа өнім жылдам функционалды жүйені қажет ететін адамдарға арналған.
Қазіргі кезде Vivaldi браузері Windows, Mac және Linux оперативті жүйелеріне бейімделуде. Егер сіз бұрынғы Opera платформасының қолданушысы болсаңыз, сізге белгілі Speed Dial («Экспресс-панель») интерфейсі қайта пайдалануға беріледі.
The Next Web ғаламтор ресурсының хабарлауынша, жылдам ақпаратқа қол жеткізу үшін браузердің бірнеше батырмасы бір орталыққа топтастырылған. Одан бөлек, жаңа браузер арқылы өзіңіз кірген сайтқа қалауыңызша белгі қалдырып кете аласыз. Сондай-ақ, Vivaldi ұсынатын электронды пернетақта OS X браузеріндегі Spotlight сынды функцияларына ие болған.
Vivaldi – бұрынғы Opera браузерінің негізін салушы Джон фон Течнердің өнімі. Айта кетсек, 2005 жылы Течнер Opera 8 нұсқасын төрт күннің ішінде миллионнан аса адам қондырып алатын болса, Норвегиядан АҚШ-қа дейін жүзіп баруға уәде берген болатын. Фон Течнер өз уәдесінде тұруына тура келді. Дегенмен, мұның бәрі сәтсіз аяқталды. Джон Opera-дан кеткеннен кейін Vivaldi компаниясының негізін қалайды.
Расында қазіргі кездегі интернет-браузерлер нарығын бәсекелестікке толы алаң деуге болады. Дәл осы кезеңде жаңа браузер шығарудың қаншалықты қажеті бар? Мұндай сұрақты тілшілер Vivaldi компаниясының негізгі акционерлерінің бірі Татсуки Томитуға қойыпты. Сонда ол: «Біз әлемдегі белсенді қолданушылардың талапты сұраныстарын қанағаттандыратын браузердің тапшы екенін пайымдадық. Қазіргі нарықтағы көптеген браузерлер бір-біріне ұқсас болып келеді», - деген екен.
Ал Vivaldi мен Opera браузерлерінің ұқсастығы мен айырмашылығына қатысты сұраққа ол: «Opera әрқашан ерекше тартымды функцияларды ұсынып келген. Миллиондаған тұтынушы әзірге дейін аталған браузердің ескі нұсқасын пайдаланып келеді», - дейді.
Google Chrome өнімінің Chromium функциясы іспеттес Vivaldi браузері де React, Node.js және Node функцияларын ұсынады.
Компанияның браузерге деген жоспары үлкен. Оның әзірге сандық нұсқасы ғана қолданысқа енген. Алдағы уақытта Vivaldi әртүрлі электронды қызмет жүйелерінде қолданыла бастайды. Тіпті өзінің жеке пошта қызметіне де ие болмақ.
Компания өкілдерінің айтуынша, Vivaldi болашағы интернет қоғамына байланысты болады. Браузердің функционалдығы қолданушылардың сұранысына орай дамитын болмақ. Vivaldi платформасының планшеттер мен смарфтондарға арналған мобильді нұсқасы браузермен бірге пайдалануға беріледі. Компания бағдарламашылары қазір осы орайда еңбектеніп келеді.
Сурет: dev.by
Оқи отырыңыз:
Болашақта интернет браузерлері қай бағытта өзгереді?
Spartan браузері алғашқы сынақтан өтуде
Google басшысы Интернет жойылып кетеді деп болжады
Microsoft жаңа браузерін таныстырады