OpenAI компаниясының тең құрылтайшысы Сэм Альтманның үйіне 20 жастағы ер адам тұтандырғыш қоспасы бар бөтелке лақтырып, кейін компанияның штаб-пәтерін өртеп жіберемін деп қоқан-лоқы жасаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
10 сәуірде Сан-Францискодағы OpenAI компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры Сэм Альтманның вилласына шабуыл жасалды. Жергілікті полицияның хабарлауынша, 20 жастағы ер адам үйге тұтандырғыш қоспасы бар бөтелке лақтырып, салдарынан қақпа өртенген. Алайда адамдар зардап шекпеген.
Шабуыл жасаған адам оқиға орнынан қашып кеткенімен, кейінірек ұсталды. Сондай-ақ, ол Сан-Францискодағы компанияның бас кеңсесін өртеп жіберемін деп те қоқан-лоқы жасаған.
San Francisco Chronicle жергілікті басылымының жазуынша, күдікті Алехандро Даниэль Морено-Гама есімді ер адам қамауға алынған.
Полиция өкілдері оның әрекетінің себебі әзірге белгісіз екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, кейінгі кезде ChatGPT жасанды интеллект чат-ботын әзірлеген OpenAI компаниясы мен оның басшысы Сэм Альтманға қарсы наразылықтар күшейгені айтылып отыр. Жасанды интеллектке қарсы топтар бұл технологияны адамзатқа төнетін қауіп деп санайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!