Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйлеп жатыр. Massaget.kz тілшісі online режимде сессиядағы маңызды мәселелер туралы баяндайды.
Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясын ашық деп жариялады
"Мен бір жыл бұрын, осы ғимаратта халыққа жолдауымды жарияладым. Еліміз үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсындым. Бастамаларымыз жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Оған былтырғы референдумда айқын көз жеткіздік.
Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік. Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарылды", - деді Прездент.
Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалғанын атап өтті.
"Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ, Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды", - деді Президент.
Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғырту басталған.
"Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті", - деді Тоқаев.
Әйелдердің және ерекше қажеттілігі бар жандардың Мәжіліске өтуіне жағдай жасалған.
"Саяси науқан қоғамдағы әрбір азамат Парламентке мүше бола алатынын және "әлеуметтік лифт" жұмыс істейтінін айқын аңғартты. Әділетті қоғамның қалыптасуы дегеніміз – осы! Бұл сайлау үміткерлерге қойылатын талап өзгергенін көрсетті. Қазір тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату өте маңызды.Мұны дұрыс түсініп, елмен етене араласа білген үміткерлер халық сайлаған өкіл атанды. Сайлаушылар өзінің мұң-мұқтажын білетін және мүддесін қорғай алатын азаматтарға дауыс берді", - деді Мемлекет басшысы.
Президент сайлауға өте көп адам қатысқанын атап өтті.
"Бұл - қалыпты үрдіс. Олардың арасында мақсаты, ұстанымы әртүрлі жандар бар.Қазір елдің көзі ашық, көкірегі ояу, саяси сауаты жоғары. Кез-келген сайлауда жеңіске жету үшін жылдар бойы қажырлы еңбек ету қажет. Халықтың және тарихтың алдындағы жауапкершілікті сезіну керек. Бір сөзбен айтсақ, ұзақ мерзімді, жүйелі стратегияның арқасында ғана жеңіске жетуге болады. Қажетті дауыс жинай алмаған үміткерлер үшін де бұл - үлкен тәжірибе және жаңа мүмкіндік. Баршаңызды Қазақстан мүддесі үшін жұмылып жұмыс істеуге шақырамын", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы ең бастысы - мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу ашық өтуге тиіс екенін айтады.
"Жобаның нақты әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеру қажет. Осы орайда, Үкіметке депутаттармен бірлесіп, орта бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын. Өйткені, орта бизнес ел экономикасын дамыту ісінде басты рөл атқарады. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады", - дейді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент алдағы таңда немен айналысуы керегін түсіндірді.
БІРІНШІ. Іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет. Ол үшін, ең алдымен, әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек.
"Өткен жылдың басынан бері экономиканы монополиядан арылту жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл – Үкіметтен ерік-жігер мен жоғары кәсібилікті талап ететін күрделі процесс. Бұл жұмысты жалғастырған жөн трансфертті баға белгілеу, халықаралық салық салу, субсидия мен мемлекеттік ресурстарды бөлу кезінде бақылауды қамтамасыз ететін түсінікті және тиімді құралдарды қолданысқа енгізу қажет", - деді Президент.
Тағы бір маңызды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс.
Атап өтетін тағы бір өзекті мәселе - заңдар мен түрлі ережелерді әзірлеген кезде қаржы-өнеркәсіп топтары, ірі бизнес өкілдері шешім қабылдауға зор ықпал етуі.
"Ашығын айтсақ, бұл барлық елге, тіпті, дамыған мемлекеттерге тән жағдай. Бірақ, осы үдерісті қоғамнАн жасырмай, заңмен реттеу керек, әйтпесе, жемқорлық белең алады"
ЕКІНШІ. Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды. Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді болып отыр. Яғни ел экономикасының құрылымы - қарапайым. Шын мәнінде, бізге қарқынды даму үшін күрделі, әртарапты экономикалық құрылым қажет.
ҮШІНШІ. Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет.
"Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр"
Тағы бір мәселе – су қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
"Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін. Сол себепті, бізге оның алдын алу қажет"
БЕСІНШІ. Адам капиталының сапасын барынша арттыру керек.
"Бұл мәселе менің айрықша назарымда екенін білесіздер. Себебі, Қазақстанның басты байлығы – адам. Қарым-қабілеті зор, білімді азаматтар елімізді алға бастайды. Сол үшін білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажет. Соңғы жылдары мемлекет бұл салаға инвестицияны едәуір көбейтті. Балабақша тапшылығы біртіндеп азайып келеді. Барлық облыста мектеп салу, оны жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр"
"Ауыл аманаты" жобасы туралы
Биыл тағы 1,5 мыңнан астам жобаға бюджеттен 143 миллиард теңге бөлінген.
"Мен сайлау алдында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі туралы анық айттым. Бұл – маңызды міндеттің бірі. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру кере. Сол үшін "Ауыл аманаты" жобасы қолға алынады. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі", - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керегін айтты.
"Осы орайда, Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет".
Айта кетейік, жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, Ұлттық құрылтай мүшелері, қоғам қайраткерлері мен басқа да азаматтар шақырылған.
Парламенттің бірлескен палаталарының отырысындағы Президенттің сөйлейтін сөзі республикалық телеарналарда және әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетіліп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!