Қытайдағы стартап компанияның көптен күткен Oneplus 2 смартфоны ағымдағы жылдың 28 маусымында Гонконг қаласында ресми түрде таныстырылады. PhonesRadar ақпараттық ресурсының хабарлауынша, стартапшылар флагманның жарыққа шығуына көбірек қауымды жинауды көздеп отыр.
Аталған өнімнің бірінші нұсқасы осыдан 1,5 жыл бұрын сатылымға шыққан болатын. Осы уақыт аралығында 1 миллионнан аса Oneplus флагманы сатылған. Бұл әрине Apple, Samsung немесе Xiaomi сынды алыптардың көрсеткішімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Дегенмен, жақында құрылған компания гаджеттің тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып үлгерді.
Осыдан бір ай бұрын компания өкілдері жаңа смартфонның 400 АҚШ доллары көлемінде сатылатынын хабарлады. Бұл бірінші нұсқаның құнына қарағанда $100-ға жоғары. Айта кетсек, OnePlus компаниясына Силиконды алқаптың инвесторлары қызығушылық таныта бастаған. Қазіргі кезде жаңа салымдар келісімі жүргізілуде. Егер келісім сәтті аяқталса, компанияның өрісі алға басатын болады. Одан бөлек, стартап компания ағымдағы жылдың соңына қарай тағы бір жаңа флагманды өнімін таныстыруы мүмкін. Бұл туралы ғаламтордың бейресми деректері жазуда.
Жаңа гаджеттің техникалық мінездемесіне тоқтала кетсек, Oneplus 2 флагманы Oxygen оперативті жүйесіне негізделген Snapdragon 810 процессорымен қамтамасыз етілген. Ал бірінші модель Cyanogen чипімен жұмыс істейтін еді. Сонымен қатар, Oneplus 2 смартфоны 2K сапасына ие 5,5 дюймді дисплеймен жабдықталған. Оперативті жады – 3 Гбайт, ал негізгі камерасы 16 мегапиксельге ие болып отыр.
Әзірге жаңа өнім туралы техникалық мәлімет осы. Толық ақпарат ресми таныстыру кезінде жарияланатын болады.