Nvidia қызметкерлері Дженсен Хуангті қошеметпен қарсы алды

Nvidia қызметкерлері бас директор қызметіне қайта оралған Дженсен Хуангті ерекше ықыласпен қарсы алды. Бұл сәт түсірілген видеоны компания қызметкерлерінің бірі желіде жариялады, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Бейнежазбада Хуангтің Калифорния штатының Санта-Клара қаласындағы Nvidia штаб-пәтерінде қызметкерлер ортасында тұрғаны көрінеді. Жиналғандар оны "Біз сені жақсы көреміз, Дженсен!" және "Қайта оралуыңмен!" деген ұрандармен қарсы алған.

Тағы бір видеода кәсіпкер әріптестеріне жылы қабылдауы үшін алғыс білдіріп, қызметіне әзілмен кіріскен.

«Бүгін – менің алғашқы жұмыс күнім. Әзірге компьютерім жоқ, сондықтан IT бөлімі маған жаңасын береді», – деді Хуанг.

Оның бұл сөзі жиналғандарды күлдірді. Кейін Nvidia басшысы қызметкерлердің соңғы күндері қиын кезеңді бастан өткеруіне себеп болғаны үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ өзіне берілген «екінші мүмкіндік» үшін алғыс айтты.

«Мен бірнеше өрескел қателік жібердім. Енді бәрін қалпына келтіру үшін жұмыс істеймін. Екінші мүмкіндік бергендеріңіз үшін баршаңызға рақмет. Бұл жолы бұрынғыдан да жақсы бас директор боламын», – деді ол.

Дженсен Хуангтің Nvidia басшылығына қайта тағайындалғаны туралы ақпараттан кейін компания нарықтық капиталдандыру көлемі жағынан әлемде екінші орынға көтерілді. Сауда деректеріне сәйкес, графикалық процессорлар өндірушісінің нарықтық құны 3,98 триллион долларға жеткен.

Бұған дейін Nvidia директорлар кеңесі АҚШ билігінің өкілдерімен кеңескеннен кейін Хуангті компания президенті, бас директоры және директорлар кеңесінің мүшесі қызметтеріне дереу қайтару туралы бірауыздан шешім қабылдаған еді.

Дженсен Хуангтің компаниядан тыс қалған кезеңі 11 күнге созылды. Ол 12 қарашада Megaspeed компаниясының бұрынғы басшысы Элис Хуангпен жақын қарым-қатынасына байланысты туындаған жанжал аясында қызметінен кеткен болатын.

АҚШ-тың Әділет және Сауда министрліктері Megaspeed компаниясының экспорттық шектеулерді бұзуы мүмкін екеніне қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Ал Элис Хуанг Қытайға ақпарат берді деген күдікке ілінген. Қытай Сыртқы істер министрлігі мұндай айыптауларды негізсіз деп мәлімдеген еді.