"Ninety One үшін өзімді сымбатты сезінбедім". Alem тыңдармандар оны неге жақсы көрмегенін айтты

"Ninety One үшін өзімді сымбатты сезінбедім".  Alem тыңдармандар оны неге жақсы көрмегенін айтты
Фото: tengrinews.kz

Alem лақап атымен танымал Ninety One тобының әншісі Батырхан Мəлік өзін топтағы ең көріксіз жігіт санағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мəлік Батырхан Абайұлы "Ащы шоу" бағдарламасында қонақта болып, өзінің ішкі қайшылықтары туралы сұраққа жауап берді. 

"Ninety One boy band яғни жігіттерден құралған топ болды ғой. Топтағы әр жігіттің өз архитипі бар. Біреуі красавчик, біреуі батыл, біреуі сәл өзінше, біреуі ақкөңіл, мейірімді дегендей. Сондай сәтте өзіңді бағалау процесі біраз әдемілікке келіп тіреледі. Себебі жігіттерден құралған топ қыздар қауымының жүрегін жаулауға көп көңіл аударады. Ninety One алғаш сахнаға шыға бастағанда мен өзімді біртүрлі кем сезінетінмін. Себебі топтағы барлық жігіттер сондай көрікті, тартымды болып көрінетін. Ал мен өзімді олар сияқты сымбатты сезінбедім. Басқа жігіттерді көбірек жақсы көретін. Топтағы ақкөңіл, мейірімді жігіттің рөлі маған тиесілі болды", - деп сырын ақтарды әнші. 

Alem-нің айтуынша, тіпті фандомда "Alem-нің түрі Q-pop концепциясына сәйкес келмейді", "Alem Ninety One тобы үшін тым қазақы", "Оның бет сүйектері моңғолдардыкі сияқты" деген пікірлер көп жазылыпты. 

"Алғашында пікірлерді оқып қатты көңілім түсетін, өзімді топқа лайық сезінбейтінмін. Қанша көңіліме алмайын десем де бәрібір өзіңді бағалауға әсер етеді екен. Жігіттер "онда тұрған не бар?" деп мені мазақ қылатын. Төртеуі мені түсінбейтін", - деді ол "Ащы шоу" бағдарламасында.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Д. Ибраева