Navai тергеу изоляторында ән жаза бастаған: адвокат әншінің жағдайы туралы айтты

Қазақстанда қамауға алынған әнші Navai (Наваи Бакиров) тергеу изоляторында ән жаза бастаған. Бұл туралы оның адвокаты Рена Керімова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Адвокат Рена Керімованың сөзінше, Navai қазір Тараз қаласының тергеу изоляторында отыр. Жақын арада әншінің апелляциялық соты өтеді. Наваи Бакировтың қорғаушылары ол қамаудан босатылады деп үміттеніп отыр.

"Апелляция келесі аптада болады. Бұлтартпау шарасы өзгереді деп қатты үміттенемін. Мәселе мынада, оның беделі мен танымалдылығына қарамастан, ол - Қазақстан үшін шетелдік азамат", - деді адвокат.

Қазір Navai-ды қорғаушы тарап бұлтартпау шарасын кепілге өзгертуге тырысып жатыр. Адвокат кепіл сомасын жарияламады. Рена Керімованың айтуынша, кепіл тәжірибесінде бекітілген мөлшерлеме жоқ. Ол 500 АЕК-тен (2026 жылы бұл - 2,1 миллион теңге) басталады, ал жоғарғы шегі белгіленбеген.

Navai-дың жай-күйі туралы сауалға жауап берген адвокат кездесу кезінде олар ұзақ сөйлескенін айтты. Қазір ол жаңа трек жазуға кіріскен.

"Кеше бірнеше сағат сөйлестік. Сондай қарапайым жігіт, жұлдыз ауруына шалдықпаған, сыпайы, талантты. Тіпті тергеу изоляторында отырып ән жаза бастағанын да айтты", - деді адвокат.

Рена Керімованың сөзінше, қазір Navai-ға бір бап, яғни есірткі контрабандасы бойынша айып тағылып отыр. 

Бұған дейін танымал әнші 13 қазанда Қазақстанға кіреберістегі "Қордай" шекара бекетінде ұсталғаны хабарланған болатын. Әнші отырған көлікті тексеру кезінде есірткі табылып, тәркіленген. Операцияны полицейлер шекара қызметімен бірлесіп жүргізген. 

Ол алдағы екі айын қамауда өткізеді.

14 қазанда әншінің Астанада концерті өтуге тиіс еді. Алайда ол өтпей қалды. Ұйымдастырушылар мұны техникалық себептерге байланысты деп түсіндірді.

Наваи Бакиров (Navai) - танымал ресейлік рэпер әрі әнші, HammAli & Navai дуэтінің мүшесі. Сондай-ақ, жеке хиттердің ("Пустите меня на танцпол", "Прятки", "Девочка-война") авторы ретінде танымал.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!