«National Geographic Ресей» Қазақстан туралы фотокөрме ұйымдастырды

National Geographic Ресей» журналы РФ-дағы ҚР Елшілігімен бірлесіп, Мәскеу тұрғындары мен қонақтарының назарына «Қазақстан - ұлы дала елі» фотокөрмесін ұсынды.

РФ-дағы ҚР Елшілігінің кеңесші-елшісі Марат Сыздықов ашқан көрмеге Қазақстанның табиғатына, оның елордасы Астанаға және әсем тауларымен әйгілі Алматыға арналған 60 фотожұмыс пен 4 ақпараттық стенд қойылды.

Дипломат фотокөрме Қазақстанның табиғаты мен еліміздің туристік тартымдылығына арналғанын атап өтті.

«Биыл «National Geographic Ресей» құрамы толықты. Жыл басында 36 журнал басып шығарылса, қазір олардың саны 37-ге жетті. 37-ші қазақ тіліндегі «National Geographic Қазақстан» журналы басылып шықты», - деді «National Geographic Ресей» журналының басқарушы директоры Андрей Паламарчук.

А.Паламарчук журналдың алдағы жоспарларымен «ҚазАқпарат» тілшісімен бөлісті. Ол жақын арада Қазақстанға арналған тағы бір жаңа журнал шығатынын айтты. Онда Балқаш көліне құйылатын Іле өзеніне жасалған саяхат қорытындысы көрініс таппақ.

Фотокөрме аясында шара ұйымдастырушылары Астанада өтеді деп жоспарланған «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жайлы айтты. 

    
   

Дереккөз: inform.kz