Microsoft сервистеріндегі ақау салдарынан мыңдаған пайдаланушы компанияның Outlook пошта платформасына, сондай-ақ Teams, Copilot және Microsoft 365 жүйесінің басқа да құралдарына кіре алмады, деп хабарлайды Massaget.kz Euronews басылымына сілтеме жасап.
Материалда пайдаланушылардың шағымдарын жинақтайтын Downdetector сайтының деректері келтірілген. Оған сәйкес, ақау әртүрлі өңірдегі пайдаланушыларға әсер еткен.
АҚШ-та Outlook қызметіндегі қиындықтар туралы 120 мыңнан астам хабарлама түскен. Кейін олардың саны 130 мыңнан асқан. Пайдаланушылар негізінен пошта жәшігіне кіре алмағанын, хат жіберу мен қабылдауда қиындық туындағанын және электрондық хаттардың кешігіп жеткенін айтқан.
Microsoft 365 жүйесіндегі ақаулар туралы 46 мыңнан астам пайдаланушы хабарлаған. Ал жұмыс барысында кеңінен қолданылатын Teams байланыс платформасына кіру қиындығына шамамен 3 мың адам шағымданған. Сондай-ақ Microsoft компаниясының жасанды интеллект негізіндегі Copilot көмекшісінің жұмысында да тежелу тіркелген.
Компания мәселенің себебін анықтап жатқанын растаған. Microsoft X әлеуметтік желісіндегі алғашқы хабарламаларында Америка елдеріндегі пайдаланушылардың Exchange Online пошта жәшіктеріне түрлі тәсілмен қосыла алмай отырғаны туралы шағымдар түскенін мәлімдеген.
Компания Microsoft 365 жүйесіне қосылудағы қиындықтар кез келген өңірдегі пайдаланушыларға әсер етуі мүмкін екенін ескерткен.
Материалда Microsoft инфрақұрылымының бір бөлігіне әдеттегіден көп жүктеме түскені айтылған. Қосылу кезіндегі қателерге осы жағдай себеп болуы ықтимал. Ақаудың салдарын азайту үшін компания инфрақұрылым тораптары арасында трафикті қайта бөлуді жоспарлап отырғанын хабарлаған. Бұл жүктемені теңестіріп, қосылымды қалпына келтіруге мүмкіндік бермек.
Microsoft іркілістен зардап шеккен пайдаланушылардың жалпы санын жарияламаған. Ал Downdetector деректері қиындыққа тап болған адамдардың нақты санын емес, түскен шағымдар санын көрсетеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз