Microsoft суреттегі адамның эмоциясын анықтайтын алгоритм жасады

Ағымдағы жылдың сәуір айында америкалық компания адамның суреті арқылы оның жасын анықтайтын How-Old.net қоғамдық қызметін ұсынғанын жаздық. Аталған алгоритм суретке қарап, адамның жасын ғана шамалай алатын еді. Қызмет жылдам танымал бола бастағанымен, қолданушылар аталған сайтта бес минуттан көп отырмайды.

Microsoft корпорациясы 8 ай бұрын ұсынған қызметін ары қарай дамытып, Ұлыбританияда өткен Future Decoded конференциясында суреттегі адамның эмоциясын анықтайтын технология ұсынды. Жаңа бағдарлама адамның ашу, жек көру, қорқыныш, қуаныш, байсалдылық, реніш, таңдану сынды эмоцияларын бір балдық жүйемен өлшейді. 

Жаңа технологияның демо-нұсқасы Project Oxford порталында іске қосылған. Сілтеме арқылы өтіп, танымал тұлғалардың эмоциясымен танысып қана қоймай, өз суретіңізді жүктеп көре аласыз. Құрастырушылардың айтуынша, бағдарламалық қамту әлі толығымен аяқталмаған. Сондықтан кейбір талдаулар нақты шықпауы ықтимал.