Microsoft компаниясы Силикон алқабында орын тепкен өзінің ең басты зерттханаларының бірін жапты, деп хабарлайды ZDNet.
«Кеше, 19 қыркүйек, Microsoft өзінің Силикондағы негізгі зертханасын жапты», - деп туиттерде жазады, зертханалық орталығы мамандарының бірі Дерек Мюррей (Derek Murray).
Зертхананың жабылуы аталған компанияда жұмыс істейтін мамандардың тағы 2,1 мыңға қысқарғанын көрсетеді. Оның ішіндегі 747 іскер Вашингтон қаласынан, ал 160 маман Калифорниядан қысқартылғанын компания баспасөз қызметі айтады.
Microsoft Research зертханасы 2001 жылы Маунтин Вьюда салынған болатын. Зертхананы осы күнге дейін Рой Левин есімді үздік IT-мамандардың бірі басқарып келген. Левиннің тобы қолданушылардың жеке ақпараттарының қауіпсіздігі, жүйелік қызметтегі ақпаратты өңдеу және компанияның ғаламтордағы қызмет түрлерін дамытумен айналысатын болған.
Microsoft-тың өзге де зертханалары Египет, Үндістан, Израиль, АҚШ, Ұлыбритания және Еуропаның бірқатар елдерінде жұмыс жасап келеді. Компания басшылығының есебі бойынша, Силикон алқабында еңбек еткен мамандарға басқа зертханалардан жұмыстар ұсынылатын болады.
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Сурет: suchanek.name