Microsoft компаниясы Blackberry брендін сатып алмақ

Microsoft компаниясы Blackberry брендін сатып алмақ
Фото: www.whatmobile.net

Бұрын Research In Motion (RIM) атымен белгілі болған канадалық BlackBerry Limited компаниясының IPO нарығында бессаудаға түсуі туралы осыған дейін де жазылған болатын. Нарықта беделі төмендеп кеткен смартфон брендін америкалық Microsoft корпорациясы сатып алуы мүмкін. Канадалық өндіріс концернінің акционерлері компанияны барынша ұтымды бағаға сатуды ойластырып жатқаны белгілі. Соңғы екі ай барысында BlackBerry брендіне Lenovo, Huawei және Xiaomi сынды Қытайдың өндірістік компаниялары да қызығушылық танытып үлгерді.

Ресми ақпаратқа орай, қазіргі кезде Microsoft компаниясы аталған канадалық брендті иемдену үшін бірнеше инвестициялық фирмалармен қаржылық талдау жұмыстарын жүргізуде. Microsoft корпорациясы BlackBerry-ді сатып алу арқылы смартфондар нарығындағы беделін арттырып, Канаданың коммуникациялық сегментінің үлескері атанбақ. Одан бөлек, компанияның құнды патенттерін оңтайлы пайдалану жолдарын қарастыруда.

Ал Қытайдың алпауыт кәсіпкерлері Америка құрлығындағы банкротқа ұшыраған компанияны иемдену арқылы Солтүстік Американың нарығына енуді жоспарлауда. Дегенмен нақты келісімге қатысты ақпарат әзірге жарияланған жоқ. Әйткенмен де, Microsoft корпорациясының сатып алу мүмкіндігі жоғары болып отыр. Себебі америкалық компания келісімге қол қою арқылы коммуникациялық сегментін кеңейтеді және қытайлық бәсекелестерін аймақтық нарыққа енгізбейтін болады.

Соңғы жылдары нарықта BlackBerry өніміне деген сұраныс төмендеп кеткен. Компаниядағы жұмысшылардың саны да азаюда. Сондықтан өндірістік концернді жылдам сатуға қою маңызды болып отыр.

Ж. Өрісбай