Microsoft компаниясы шамамен 60 мың қызметкеріне өтемақы төлей отырып, жұмыстан өз еркімен кетуді ұсынды. Компания қызметкерлерінің төрттен бірінен астамын қамтитын бағдарлама мәжбүрлі қысқартудың жаңа кезеңін өткізбей-ақ шығындарды азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Massaget.kz.
Мұндай ұсыныс компанияның жасанды интеллект инфрақұрылымына ауқымды инвестиция салуынан және жыл бойы қызметкерлер санын қысқартуынан кейін жасалды. Business Insider мәліметінше, бағдарлама АҚШ, Канада, Үндістан және Ұлыбританиядағы белгілі бір бөлімшелердің ішкі лауазымдық деңгейі 70 және одан төмен қызметкерлеріне арналған. Олардың қатарында жоғары буын басшыларының бір бөлігі де бар.
Кейбір ұжымдар, соның ішінде сату бөлімдері, жекелеген инженерлік құрылымдар мен корпоративтік функцияларды атқаратын бөлімшелер бұл бағдарламаға қатыспайды.
26 қазанда таратылған қызметтік жазбада Microsoft компаниясының персонал жөніндегі директоры Эми Коулман аталған бағдарлама қызметкерлерге алдағы кәсіби жолын өз бетінше таңдауға көбірек мүмкіндік беруге тиіс екенін атап өтті.
Төлем шарттары компанияның стандартты өтемақы пакетіне ұқсас болады. Бұған дейінгі бағдарламалар аясында АҚШ-та жұмыстан босатылған қызметкерлерге кемінде 60 күндік негізгі жалақы төлеуге кепілдік берілген. Ал қызметкерлердің басым бөлігі еңбек өтілі мен атқаратын қызметіне қарай 39 аптаға дейінгі жалақы мөлшерінде өтемақы ала алған.
Бағдарламаға қатысуға құқығы бар қызметкерлерге оның шарттары жазылған электрондық хаттар жіберіледі. Олар шешімді желтоқсан айының басына дейін қабылдай алады. Жұмыстан шығу мерзімі жыл соңына белгіленген.
Бұған дейін Microsoft белгіленген талаптарға сай келетін тоғыз мыңға жуық қызметкер қатыса алатын зейнетке өз еркімен шығу бағдарламасын да іске қосқан еді.
Компания мәліметінше, маусым айының соңында Microsoft-та шамамен 223 мың адам жұмыс істеген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
О. Сансызбай