ҚМА Mellstroy атты блогерге қатысты тергеуді бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Не үшін іздеу жарияланды?
Астана қаласы бойынша ҚМА департаменті Беларусь Республикасының азаматы, Mellstroy лақапатымен танымал блогер Бурим Андрей Александровичке (15.12.1988 ж.т.) халықаралық іздеу жариялады. Сот оған "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
ҚМА мәліметінше, ол әлеуметтік желілер арқылы Қазақстан пайдаланушыларын да нысанаға алған Mellstroy.game онлайн казино платформасын заңсыз ілгерілету мақсатында ауқымды жарнама ұйымдастырды деген күдікке ілініп отыр.
"Онлайн казиноны жарнамалау үшін блогер әртүрлі ұтыс ойыны мен челлендждерді жариялаған. Қатысушыларға TikTok, YouTube Shorts және басқа да әлеуметтік желілерде Mellstroy.game атауын, казино логотиптерін және сайт сілтемелерін көрсететін видеолар түсіру ұсынылған", - деп жазылған хабарламада.
Блогерге қатысты бұған дейінгі істер
Бұған дейін Бурим Ресей Федерациясында тікелей эфир кезінде адамды ұрып-соққаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар, 2025 жылғы қарашада Беларусь Республикасының Минск қалалық соты блогердің барлық платформадағы арналары мен оның логотиптерін экстремистік материалдар деп таныған.
ҚМА үндеуі
ҚМА іздеудегі адамның орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, Астана қаласы бойынша ЭТТД-ге мына телефондар арқылы хабарласуды сұрайды:
- +7 7172 70 84 78 - кезекші бөлім;
- +7 7172 70 84 79.
"Құпия болатынына және сыйақыға кепілдік беріледі. Қазақстан Республикасының заңнамасында құмар ойындарды жарнамалағаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен қатар, заңсыз ойын бизнесіне сыбайлас болғаны және жәрдемдескені үшін қылмыстық жауапкершілік те көзделген", - деді ҚМА өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Mellstroy атты блогерге іздеу жарияланғаны хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова