- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- McDonald's мейрамханаларының жабылуы:...
McDonald's мейрамханаларының жабылуы: Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайды қалай түсіндірді?
Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері McDonald's мейрамханалары жабылуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, McDonald's мейрамханалар желісі ресейлік ет өнімдері және жартылай фабрикаттармен қамтамасыз етілген. Онда компанияның ірі тарату орталықтары болған. Бірақ McDonald's-тың Ресейден кетуіне байланысты шикізатты жеткізуде мәселе туындаған.
"Шетелдік компания өкілдері келешекте қазақстандық өнімге көшуге дайын болған. Алайда отандық өндірушілердің компанияның жоғары стандарттарын енгізуі белгілі бір уақыт алды. McDonald's өкілдерінің өтініші бойынша, жергілікті шикізатқа көшкенге дейін Қазақстан үкіметі ел аумағындағы мейрамханалар желісінің жабылуына жол бермеу үшін үшінші елдерден өнім жеткізу рәсімдерін жеделдетуге және жеңілдетуге жәрдемдесуге дайын болды. Сондай-ақ қазір де дайын. Мүдделі мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша бірқатар кеңестер өткізді", - делінген ведомство хабарламасында.
Министрлік мәліметінше, қазақстандық ет пен сүт өнімдерін компания талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыс басталған.
"Осы уақытта қазақстандық ет және сүт өнімдерін өндірушілер өндірісті McDonald's талаптарына сәйкес келтіру бойынша жұмысты бастады. 2023 жылдың басында кәсіпорындардың аудиті бойынша жұмыстар жоспарланған болатын. Алайда McDonald's-тың жабылуына байланысты жоспарланған аудит болған жоқ", - делінген хабарламада.
Бұл компанияға шикізат немесе жартылай фабрикаттар жеткізушісі болу үшін арнайы сертификаттаудан өту керек, бұл бүкіл өндіріс тізбегіне қатаң және қымбат талаптар қойылатынын білдіреді. Оған мал азығынан бастап қаптамаға дейінгі аралық кіреді. Алайда министрлік мәліметінше, бұл жағдайда компанияның белгілі бір жеткізушіні таңдайтынына кепілдік жоқ.
Дегенмен Қазақстан еттің барлық түрі бойынша ішкі нарықты толық көлемде қамтамасыз етіп отыр. Кейінгі деректер бойынша, 2022 жылы Қазақстанда барлық түрі бойынша 1,06 миллион тонна ет өндірілген.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда McDonald’s брендінің мейрамханалары жұмысын тоқтатқаны хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова