Алматы облысы бойынша ҚМА департаменті заңсыз интернет казино ұйымдастырған қылмыстық топқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Заңсыз қызметті жасыру мақсатында жалған тұлғалардың атына тіркелген байланысы бар заңды тұлғалар пайдаланылған. 1Win интернет платформасы 11 мыңнан аса онлайн ойынға, сондай-ақ, спорттық және киберспорттық оқиғаларға бәс тігуге мүмкіндік берген.
Бәс қабылдау және ұтыстарды төлеу банк карталары, электрон төлем жүйелері, криптовалюта арқылы жүзеге асырылған.
Күдіктілерге халықаралық іздеу жарияланып, оларға сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.
Бұдан бөлек, күдіктілердің қылмыстық жолмен келген мүлкін мемлекет пайдасына алу үшін соталды тәркілеу шаралары қолданылған.
Соның ішінде Mercedes Maybach S500, Lamborghini Huracan, Toyota Land Cruiser көліктері, банк шоттарындағы 151 млн теңге, 14 600 АҚШ доллары және 44 400 еуро бар. Сот қаулысымен жалпы құны 420 млн теңгеден асатын мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!