LRT ісі: сотта Ардан мен Сұлтанбековке қатысты үкім шығарылды

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында LRT ісіне қатысты үкім шығарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Сот Қанат Сұлтанбековті ҚР Қылмыстық кодексінің 1997 жылғы өзгеріс енгізілген 235-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәсіз деп танып, қылмыс жасағаны дәлелденбегені үшін ақтауға үкім шығарды. Қанат Сұлтанбеков ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 3-бөлігі, 189-бабы 2-тармағы бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және мемлекеттік қызметте, судьяда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыруға жаза тағайындалсын.

Талғат Ардан ҚР Қылмыстық кодексінің 1997 жылғы өзгеріс енгізілген 262-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәсіз деп танылсын және оның қылмыс жасағаны дәлелденбегені үшін ақталсын. ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша жасалған қылмыс үшін кінәлі деп танылсын және мемлекеттік қызметте, судьяда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", - деді судья Виктория Семенова.

Айта кетейік, LRT ісі бойынша процесс 2020 жылғы күзде басталды. Сотталушылар орындығында 5,8 миллиард теңге сомасында ұрлық жасады деп айыпталған жеті адам болды. 

Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Ардан Түркияда, ал Сұлтанбеков АҚШ-та екенін мәлімдеді. Оларға халықаралық іздеу "қызыл бюллетень" арқылы (қамауға алу және экстрадициялау мақсатында - еск.) жарияланды, бірақ АҚШ заңы бойынша "қызыл бюллетень" болуы іздеу жарияланған адам көші-қон заңын бұзбаса, іздеушіні ұстауға негіз бола алмайды.

Еске салайық, бұған дейін елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековке, "Астана LRT" ЖШС басқарма төрағасы Талғат Арданға және олардың сыбайластарына қатысты қылмыстық істі зерделеу аяқталғаны хабарланған еді. Соған сәйкес айыптау актілерін бекіту туралы шешім қабылданған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!