LRT маңында ағаштарды отап жатқан бульдозер астаналықтардың ашуына тиді

Фото: видео кадры

Астанада LRT құрылысы аумағында ірі ағаштар кесіліп жатқаны видеоға түсірілген. Оқиғаны City Transportation Systems (CTS) компания өкілдері түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Құрылыс алаңындағы ағаштардың түбімен кесіліп жатқан видеосын оқырман Tengrinews.kz сайтына жіберген.

Infinity тұрғын үй кешені жағынан түсірілген видеодан бульдозер үлкен шыршаларды тамырымен отап жатқанын көруге болады.

"Бұл не сұмдық? Менің ойымша, мұндайға жол берілмеуі керек. Астанада ағаштар онсызда жоқ. Жақсы өсіп келе жатқан ағаш еді", - деп ашуланды бейне авторы.

China Railway Asia-Europe Construction Investment мердігеріне қатысты тілшінің сұрағына CTS баспасөз қызметі Қазақстан заңнамасына сәйкес айыппұл шаралары қабылданатынын айтып, жауап берді. Айыппұл сомасын уәкілетті органы айқындайды.

"CTS тарапынан мердігерге келісімшарт пен заңнама талаптарын бұзуға жол берілмейтіні, жауаптыларға қатысты қатаң шаралар қабылдау қажет екені, сондай-ақ келтірілген залал үшін өтемақы мәселесін қарастыру керектігі туралы шағым хат дайындалды", - деп толықтырды компания.

Естеріңізге салайық, 14 тамызда CTS Астанада LRT құрылысы қайта басталғанын хабарлаған еді. Болашақ жерүсті жолы салынатын орындарға ағаш отырғызылады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан