LRT құрылысына байланысты: Алматыда Момышұлы көшесінде көлік қозғалысы қалай өзгереді?

Алматыда ірі магистральдардың бірінде LRT құрылысына байланысты қозғалыс сызбасы уақытша өзгереді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қала әкімдігі мәліметінше, шектеулер Момышұлы көшесінде енгізіледі. Мөңке би көшесінен Төле би көшесіне дейінгі учаскеде ортадағы екі жолақ жабылады.

Сонымен қатар, жұмыс кезінде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ жұмысын тоқтатады. Әкімдік өкілдері автоматты тіркеу камералары көліктердің бұл жолаққа шығуын тіркемейтінін нақтылады.

Жүргізушілерден жол жүру бағытын жоспарлау кезінде осы өзгерістерді ескеру сұралды.

Айта кетейік, жаңа желі құрылысын 2027 жылғы екінші тоқсанда бастап, 2029 жылғы үшінші тоқсанда аяқтау жоспарланған.

Жеңіл рельсті көлік жүретін бағыт бекітіліп қойған. Оның ұзындығы 18,3 шақырым болады және Алатау ауданының индустриялық аймағын "Алматы-2" теміржол вокзалымен байланыстырады.

Бағыт Бауыржан Момышұлы және Төле би көшелерімен, одан әрі Абылай хан даңғылы бойымен "Райымбек батыр" көлік-транспорты торабына дейін өтеді. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз