Инновациялық технологияның дамуы жылдам өріс алғалы өндірістік компаниялар жаңа технологияның шегі жоқ екенін дәлелдеуге тырысуда. Мұның тағы бір дәлелі LG инженерлері құрастырған жаңа өнім болып отыр.
Ғаламтор беттерінде тараған ақпаратқа орай, оңтүстік корейлік компания теледидар өндірісінде пайдаланылатын OLED-панельдерінің ерекше прототибін жасаған. Мұнымен LG компаниясының мамандары қалыңдығы 0,97 мм болатын теледидар шығаруды көздеп отыр. Жоба бойынша, экран диагоналі 55 дюйм болып, салмағы небәрі 1,9 келі тартпақ.
Тұрмыстық техника өнімдерін шығарумен айналысатын компания үшін бұл – үлкен жетістік. Айта кетсек, осыған дейінгі OLED модельдерінің аналогы 4,3 мм қалыңдықты құраған. Жаңа өнім айтарлықтай жеңіл болып, қабырғаға арнайы дайындалған магниттердің көмегімен жабыстырылады.
Әзірге жаңа теледидардың шығатын уақыты анық емес. Тек оның негізгі прототибі ғана таныстырылып отыр. Сонымен қатар, әлемдік нарықтағы бағасы туралы да әзірге еш ақпарат берілмеді.
Ұқсас жазбалар:
LG теледидарлары тағы да жұқарады
LG компаниясы жұқа OLED-дисплей шығарады