Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева мұғалімдердің жанайқайын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Kundelik.kz платформасы оқушылар мен мұғалімдер арасындағы байланысты жеңілдетуге, білім сапасын арттыруға бағытталған құрал ретінде енгізілген еді. Депутаттың сөзінше, бүгінде платформа өз миссиясынан ауытқып, мұғалімдердің негізгі кәсіби функциясы - сабақ беру мен бала тәрбиесі екінші орынға ысырылып, қосымша есеп пен формализмге айналып кеткен.
"Цифрлық трансформацияның мақсаты уақытты үнемдеу және тиімділікті арттыру екені баршаға мәлім. Бірақ бұл тұрғыда ол мұғалімдер үшін қосымша жүктеме болып отыр. Мысалы аптасына 25 сағаты бар мұғалім Kundelik.kz-те күніне 1-1,5 сағат уақыт жұмсауына тура келеді. Яғни күнделікті тақырыптық жоспар жасау, үй тапсырмаларын қадағалау, бағалау және оқушының түсінгенін талдау жұмыстарын электрон күнделікке енгізу қосымша уақытты талап етеді. БЖБ және ТЖБ кезінде бұл жұмыстың көлемі екі есе артатыны айтпаса да түсінікті. Салдарынан мұғалімнің сабаққа дайындалатын уақыты қысқарады", - деді ол.
Депутат мынадай дерек келтірді: халықаралық ұйымдардың бағалауынша, Қазақстанда мұғалімдердің апталық жүктемесі орта есеппен 36 сағат болса, оның тек 23 сағаты сабаққа жұмсалады, ал қалған бөлігі дайындық, тексеру, есеп және әкімшілік жұмысқа кетеді. Мұғалімдердің шамамен 25 пайызы артық әкімшілік жүктемені стресс көзі деп санайды.
"Бұдан түйетін ой: білім беру саласындағы парадокс - қағазбастылықтан арыламыз деп жүріп мұғалімдерді цифрлық есепке байлап қойдық. Бастапқы идея қандай еді?! Мұғалімді артық есептен босатып, оның уақытын оқушыға бағыттау болды. Нәтижесінде қағаз азайды, бірақ есеп беру саны азаймады, еркіндік артпады, керісінше бақылау күшейді", - деді ол.
Наталья Дементьева Финляндияда мұғалім автономиясы сақталатынын, платформа тек қысқа кері байланыс құралы екенін, Сингапурде ақпарат бір рет енгізілетінін, Эстонияда цифрлық платформа автоматтандырылғанын, уақыт үнемдейтінін, қосарланған есеп жоқ екенін айтты.
"Қазақстандағы қазіргі жүйеде мұғалім педагог емес, операторға айналып, сабақ сапасы емес, журнал толтыру сапасы бағаланады", - деп ашынды ол.
Депутат Үкіметтен Kundelik.kz платформасын қайта қарауды сұрап, тек оқыту процесіне қажет деректі қалдыру маңызды екенін айтты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!