- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- KazakhExport пен Қазақстанның...
KazakhExport пен Қазақстанның даму банкінің заң бұзғаны анықталды
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "Бәйтерек" холдингі қызметінің мемлекеттік қолдау шараларына тең мүмкіндікті қамтамасыз ету тұрғысынан жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша холдингтің ведомстволық бағыныстағы ұйымдары – "Қазақстанның даму банкі" АҚ және KazakhExport АҚ әрекеттерінде бұзушылықтар белгілерін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, "Қазақстанның даму банкі" АҚ ірі инфрақұрылымдық жобаларға жеңілдікпен кредит береді. Банктың ішкі құжаттаманы зерделеу барысында ҚДБ-ның қаржы құралдарына бұрын қол жеткізген қарыз алушылар үшін негізсіз бәсекелестік артықшылықтар жасайтын ережелер анықталды. Атап айтқанда, қарыз алушылардың осы санаты үшін банктік сараптама рәсімдерінен өтпей-ақ, қосымша қаржыландыру алуға жол берілген", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде қаржыландырудың бекітілген, теңдестірілген схемаларының болуына қарамастан (50% бюджеттік қарыз, 50% өзге де көздер) Банктің жекелеген жобалары бюджет қаражаты есебінен толық кредиттелген, ал басқалары тең емес пропорцияда не 100%-ға басқа көздерден тартылған. Бұл әрекеттер қарыз алушылардың соңғы пайыздық мөлшерлемеге әсер етіп, соңғы алушылар үшін қолдау шараларына қол жеткізудің теңсіз шарттарына алып келген.
"Сонымен қатар Банк қызметіндегі қолдау шараларын алуға өтінімдерді басымдықпен, жеделдетіп қарастыруы фаворитизм көріністерін айшықтайды. Мысалы, жекелеген жобалар келіп түскен сәттен бастап бекітілген 70 күнтізбелік күннің орнына келісімдер 2-3 тәулік ішінде берілген, ал басқа жобалардың пысықтау мерзімі бұзылып, 300 күннен асып кетіп отырған", - делінген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі таратқан хабарламада.
KazakhExport АҚ қызметін талдау барысында мемлекеттік қолдау шараларын алушыларға қарсы міндеттемелерді белгілеу кезінде барлығына бірдей тең емес жағдайлар жасау белгілері анықталды.
Жоғарыда аталған фактілер бойынша мемлекеттік қолдау шаралары рәсімінде операторлар атына ҚР заңнамасын бұзу белгілерінің бар екендігі туралы хабарламалар енгізілді. Бұдан басқа, болашақта осындай фактілерге жол бермеу мақсатында "Бәйтерек" холдингінің атына бұзушылықтар белгілерін және оларға ықпал ететін мән-жайларды жою туралы нұсқама енгізілді.
Монополияға қарсы органның хабарламасын операторлар алған сәттен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде орындалуға тиіс. Хабарламалар белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, БҚДА әрбір факт бойынша тиісті шаралар қабылдайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан