Астанадағы Kaspi бөлімшесінде бірнеше қызметкер кепілге алынған еді. Бұл оқиғаның куәгері өзінің сол сәтте қандай күйде болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Пятый каналға" сілтеме жасап.
"Шынымен, ол жерде бір сұмдық болды. Жантүршігерлік жағдай. Жігіттеріміздің қалай жұмыс істеп жатқанын көріп, бақылап отырдық. Олар өте белсенді және жылдам әрекет етіп, оқиға орнына жетті", - деп бөлісті Роза Шахан есімді бойжеткен.
Ол барлығы "Бумажный дом" атты тонау туралы сериалға ұқсап кеткенін айтты. Ал шын мәнінде, болып жатқанның бәрін көргенде, бұл фильмнен әлдеқайда қорқынышты болған. Оның айтуынша, ол мұндай нәрсе Қазақстанда болады деп ойламаған.
Шахан мұндай жағдайдың куәгері болғанда қорыққанын, бірақ банк ішінде кепілге алынғандар үшін көбірек алаңдағанын мойындады.
Еске салайық, Kaspi.kz-тің Астанадағы бөлімшесінде ер адам бірнеше тұрғынды кепілге алған. Желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Кейін Kaspi Bank өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, кепілге алынғандар арасында келушілер жоқ.
"Қазір филиалда тек банк қызметкерлері ғана, филиалда келушілер жоқ. Тәртіп сақшылары қызметкерлерді қорқытқан ер адаммен келіссөз жүргізіп жатыр. Полиция мен банктің барлық күші ешкімнің зардап шекпеуін қамтамасыз етуге бағытталды. Кез келген ақпаратты таратуға жауапкершілікпен қарауыңызды және құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі келтірмеуіңізді сұраймыз. Кез келген жалған ақпарат жағдайдың шиеленісуіне әкелуі мүмкін", - делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігі өкілдері Kaspi Bank-те неше адам кепілде отырғанын мәлімдеді. Kaspi Bank-те кәсіпқой келіссөзшілер кепілгермен сөйлесіп жатыр. Ер адам 7 адамды кепілге алғаны мәлім болды.
"Ер адамның оқ өтпейтін жилет кигені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Сондай-ақ, оқиға орнында "Арлан" арнайы жасағының қызметкерлері жұмыс істеп жатқанын хабарлаймыз. Әскери қызметкерлер арнайы операцияға қатысқан жоқ. Біз азаматтарды ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және БАҚ өкілдерін тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырамыз", - деді ІІМ өкілдері.
Кейін кепілге алынғандардың сыртқа шығарылғаны, оқиға орнына қала әкімі Жеңіс Қасымбек пен ішкі істер министрі Марат Ахметжанов келгені хабарланды. Ішкі істер министрі басқыншының ұсталғанын растады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!