- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Jekpe Jek форматында...
Jekpe Jek форматында өткен Жайдарманның қызықтары
Күні кеше көрерменнің көзайымына айналған Жайдарман сайыстары ЖОҒАРЫ ЛИГА ойындарының топтық кезеңдері аяқталды. Қазақтілді аудиторияның ыстық ықыласына бөленген, талай өнерлі жастың үлкен сахнаға шығуына себепші болған жобажыл басынанбері жаңа форматта өтуде. Қазіргі ойындардың жұп-жұбымен жекпе-жек форматында өтуі көрерменнің қызығушылығын арттырып келеді.
Еліміздің креативті индустриясын дамытуда Jaidarman алдыңғы қатарларда келе жатыр. Себебі осы жылдың басынан қолға алынған жаңа бағыттар, яғни ойындардағы өзгерістер және шығармашыл жастарды қолдау аясындағы жаңа жобалар жасау заманауи үрдістерге сай жасалынып жатыр.
Алты күн қатарынан көрермендерге күлкі сыйлаған Jaidarman TOP лигасында өнер көрсеткен 18 команданың ішінен бабы мен бағы сай келген 12 команда ғана келесі ақтық кезеңдерге жолдама алды.
Естеріңізге салсақ, жоғарғы лига жыл басында Маусымашар фестивалінде іріктеу сайыстарын жеңіп шыққан командалардан құралды. Осы жылғы Маусымашарға 240 команда қатысқан болатын.
Бұған дейін еліміздің түкпір-түкпірінен қаншама жас таланттар өз өнерлерін көрсетіп, көрерменнің көңілінен шықты. Соңғы ойындар ерекше сапалы әзелдермен қатар, ерекше тапқырлықпен жасалған шешімдерге толы болды.
Мысалы, Алатау SU өз командасының белді ойыншысынан айнымайтын ардагержайдарманшы Дәнекер Оразбайды Шымкент қаласынан алдыртып, ойынға жаңа күтпеген нәр берді. Бұл көрермен күтпеген қызық көрініс болды. Ал Жаңаөзен қаласынан келген "Батыр қала" командасы тик-токта хит болып жатқан қарақалпақстандық Мират Салы атты беташаршы азаматты арнайы алып келіп, Жайдарманға арнау айтқызды. Сөйтіп көрерменнің қошеметіне ие болды.
Сонымен топтық кезеңнің нәтижелері бойынша елордалық "Ақпен бірге" және "Абибас", алматылық "Арнайы әділет үшін", "Эверест", "Алатау SU", шымкенттік "Бәрекелді кірпі" мен "Абырой", семейлік "Шатыр" және "Қыздар емес" командалары өтті. Сондай-ақ келесі кезеңдерде "Талант" (Орал), Жуалы (Тараз), "Батыр қала" (Жаңа Өзен) командалары ойынын тамашалайтын боламыз.
Қазылық етуге еліміздің танымал шоубизнес өкілдерімен қатар ардагер жайдарманшылар Нұрболхан Шарапов, Марат Досаев, Қанат Әлжаппаров келді. Блогер ННН, продюссер Құралай Анарбекова, белгілі тележурналист, жайдарман сарапшысы Нұрсұлтан Құрман, актер Данияр Жұмаділов, Халықаралық КВН ойындарының 2017 жылғы чемпионы, ТНТ арнасының жұлдызы Диана Қырықбай, танымал әнші Әміре (Ернар Садырбаев) әділқазылар мүшесі қатарында болды.
Бұл ойындардың тағы бір ерекшелігі - қонақ ретінде қоғамда өзіндік орны бар, қайсарлығымен елге танылған жандар шақырылды. Естеріңізде болса, ойын-сауықтыру кешендерінің біріндегі бассейнде су түбінде ессіз жатқан баланы құтқарып, көмек көрсеткен полиция қызметкері – Назым Шәріпова өзінің әрекетімен қалың жұртшылықтың ризашылығына бөленген еді. Сол мезетте ол баланың тыныс алуын қалпына келтіріп, аман алып қалды. Сондай-ақ "Асар Үме" қайырымдылық қорының құрылтайшысы, 800 отбасыға және 4000 балаға үй алып берген кәсіпкер азамат Асхат Нұрмашев келді.Ал Бекарыстан Нұрланұлы досынның қызына донор ретінде бауырынның бір бөлшегін берген азамат. Осындай жастарға үлгі боларлық қоғам қайраткерлерін арнайы ойынға шақырудың өзінде үлкен мән-мағына жатқаны анық.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина