Желіде наурызда америкалық рэп орындаушы Jay-Z-дің Тоқаевты мақтап рэп оқығаны туралы ақпарат тарады. Видеоны желі қолданушылары ғана емес, кейбір медиа да жариялай бастады. Салдарынан ақпарат көрші елдердің сайттарына да тарады. Алайда бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Factcheсk.kz-ке сілтеме жасап.
Дегенмен америкалық рэп орындаушылардың қазақстандықтарға деген ілтипаты мұнымен бітпеді. Тоқаев туралы рэп пайда болғаннан кейін бірнеше күннен соң желі қолданушылары Eminem-нің қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров туралы да әнін жариялады.
Оқырмандардың өтініші бойынша, Factcheck.kz расымен хип-хоп серілері қазақстандықтарға құрмет көрсетті ме, әлде бұл жай ғана жалған ақпарат па деген сұраққа жауап іздеді.
Jay-Z мен Eminem-нің ресми арналарын тексеріп, олардың Тоқаев пен Тұраров туралы ешқандай трегі шықпағанын анықталды. Видеодағы кадрлар орындаушылардың басқа клип пен концерттерінен алынған. Ал даусы мен сөзі жасанды интеллект арқылы жасалған.
Біріншіден, барлық жерде Jay-Z бар видеоның ұзақтығы бір минуттан аспайтынын, ал Eminem бар видео одан да қысқа екеніне назар аударғанымыз жөн. Егер желідегі кадрлар тым болмағанда ән шумақтары болса тректің толық нұсқасын таба алатын едік. Рэп орындаушылардың ресми арналарында танымал қазақстандықтар туралы туынды жоқ.
Соған қарамастан әзіл сәтті шығып, көпшілік Jay-Z деген атпен танылған Шон Кори Картер Тоқаев туралы, ал Eminem Тұраров туралы ән айтқанына сеніп қалды. Пікір білдірушілерге музыканттарға президентке пиар жасағаны үшін қанша төленгені қызық болып жатыр.
Жалпы мұндай тректерді жасау қиын емес. Ол үшін Картер мен Маршалл Мэтерске хабарласу міндетті емес. Интернет, жасанды интеллекттің тегін сервистері мен ролик жасауға арналған бағдарлама болса болғаны.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!