Instagram ұзақтығы 90 минутқа дейін жететін жаңа бейнежазба форматын сынақтан өткізе бастады. Бұл мүмкіндік авторларға көлемді видеолар жариялап, олардың негізінде қысқа Reels әзірлеуге жол ашады, деп хабарлайды Massaget.kz.
Сынақ Бразилияда және АҚШ-ғы шағын пайдаланушылар тобында жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар платформа тікелей эфирлерді іздеуге және авторлардың парақшаларындағы Reels видеоларын тақырыптық топтамаларға біріктіруге арналған құралдарды әзірлеу үстінде екен.
Instagram басшысы Адам Моссеридің айтуынша, қысқа видеолар сервистің негізгі форматы болып қала береді. Дегенмен пайдаланушылар сүйікті авторларының ұзақ видеоларын басқа платформаларға өтпей-ақ көре алады. Instagram ұзақ бейнежазбаларды сақтап, кейін теледидарға арналған қосымша арқылы көру мүмкіндігін де сынап жатыр.
Бұл өзгерістер Instagram-ның авторлар мен аудитория үшін YouTube-пен бәсекелесуіне ықпал етуі мүмкін. YouTube серіктестік бағдарламасына қатысушыларға жарнамадан түскен табыстың 55 пайызын төлейді. Ал Instagram-ғы контент авторларының негізгі табыс көзі жарнамалық интеграциялар болады.
Платформа ақылы жазылымдар мен шектеулі төлем бағдарламаларын да ұсынады. Алайда шығыны көп болғандықтан, соңғы үлгіні әзірге кең көлемде енгізуді жоспарлап отырған жоқ.
Айта кетейік, Instagram тамыз айында кейінгі 10 жылда алғаш рет логотипін жаңартқан болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
О. Сансызбай