Instagram әлеуметтік желісінің негізін қалаушылар Кевин Систром мен Майк Кригер алдағы аптада компаниядағы қызмет орындарын босатпақ. Мамандар ойлана келе осындай шешім қабылдаған. Майк екеуміздің Instagram-ғы 8 жыл, оның ішінде Facebook командасымен бірге 6 жыл қызмет жасағанымыз үшін алғысымыз шексіз. Біз өміріміздің жаңа белесін бағындыруға дайынбыз, - деп жазды Систром Instagram желісінің сайтында. New York Times газеті таратқан ақпарат бойынша, сервис басшысы Кевин Систром мен техникалық директор Майк Кригер Instagram мен Facebook желілерін басқаратын компания өкілдеріне қызметтен кететіндерін ескертіп үлгерген. Бұған қатысты компания басшылары ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Басылым мәліметіне сүйенсек, екі маманның қызметтен кетуі - Instagram-ның болашағына тікелей әсер ететін көрінеді. Кевин Систром мен Майк Кригер Instagram желісін 2010 жылы ойлап тапқан еді. 2012 жылы Facebook бұл әлеуметтік желіні 1 миллиард долларға сатып алды.