Instagram жасөспірімдердің жасын анықтайтын жүйені іске қосты: не өзгереді?

Meta компаниясы Instagram қолданушыларының жасын жасанды интеллект көмегімен анықтайтын жүйені кезең-кезеңімен енгізе бастады. Жаңа технология әлеуметтік желіде өзін ересек адам ретінде көрсеткен кәмелетке толмағандарды анықтауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Massaget.kz.

Компанияның мәлімдеуінше, жүйенің көмегімен тағы "миллиондаған" қолданушы жасөспірімдерге арналған арнайы аккаунт режиміне ауыстырылады.

Instagram қолданушының жасын қалай анықтайды?

Жасанды интеллект аккаунттағы түрлі ақпараттарды талдап, оның иесі 18 жасқа толған, толмағанын білдіретін "белгілерді" іздейді. Қолданушы тіркелгенде жазған туған күні нақты дерек болып есептелмейді. Оған қоса төмендегі факторлар назарға алынады:

қолданушы жазылған парақшалар мен қарайтын контент;
жарияланымдар мен пікірлер;
мектеп сыныбы туралы мәліметтер;
туған күнге қатысты жазбалар мен құттықтаулар;
фото және бейнелердегі визуалды белгілер;
аккаунттағы жалпы белсенділік.
Teen Account

Егер жасанды интеллект қолданушыны 13–17 жас аралығындағы жасөспірім деп анықтаса, оның парақшасы автоматты түрде Teen Account режиміне ауыстырылады.

Жасөспірімдердің аккаунтына қандай шектеулер қойылады?

Арнайы режим қосылғаннан кейін аккаунтқа қауіпсіздіктің қатаң баптаулары автоматты түрде орнатылады. Атап айтқанда:

парақша жабық режимге ауыстырылады;
бейтаныс адамдардың жеке хабарлама жіберуіне шектеу қойылады;
жағымсыз және жас ерекшелігіне сәйкес келмейтін контент сүзіледі;
қосымшаны пайдалану уақытын бақылау мүмкіндігі беріледі;
түнгі уақытта қолдануға шектеу енгізіледі;
ата-аналарға қосымша бақылау құралдары ұсынылады.
13 жасқа толмаған аккаунттар

Егер жүйе аккаунттың 13 жасқа толмаған балаға тиесілі екенін анықтаса, Meta оны бұғаттап, кейін өшіреді.

Компания жасын қате анықтады деп есептеген қолданушыларға оны растау мүмкіндігін береді. Ол үшін жеке басын куәландыратын құжат немесе басқа тексеру тәсілдері сұралуы ықтимал.

Жүйе басқа платформаларда да енгізіледі

Meta бұл технологияны 2026 жылғы мамырда сынақтан өткізе бастаған. Енді ол әлем елдеріне біртіндеп енгізіліп жатыр.

Facebook

Жас қауіпсіздігі тетіктері бұл желіде де қолданыла бастайды.

Threads

Жүйені 2026 жылдың соңына дейін енгізу жоспарланған.

Аустралияда Meta қосымша тексеру үшін Apple ұсынатын қолданушылардың жас санаты туралы деректерді пайдаланып жүр. Сонымен қатар компания TikTok пен YouTube-ты да балалардың қауіпсіздігін күшейтетін осындай шараларды енгізуге шақырды.

Meta тексерісті неге күшейтті?

Жаңа жүйенің іске қосылуы Meta мен АҚШ-тың 52 штаты және аумақтық юрисдикцияларының бас прокурорлары арасында жасалған келісіммен де байланысты.

Келісімде кәмелетке толмағандарды әлеуметтік желідегі қауіптен қорғауды күшейту және 13 жасқа толмаған балалардың аккаунттарын анықтау қарастырылған.

Қараша айынан бастап АҚШ-тағы жасөспірімдердің ата-аналарына Instagram-дағы қауіпсіздік шектеулері және баланың нақты жасын көрсету қажеттігі туралы хабарламалар жіберіледі.

Қазақстанда қандай өзгеріс болуы мүмкін?

Қазақстанда да балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне қатысты жас шектеулерін күшейту мәселесі талқыланып жатыр.

Бұған дейін Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуін шектейтін заңнамалық түзетулер әзірлегені хабарланған.

Түзетулер қабылданса, қолданушылардың жасын тексеру тәртібі жасалады. Қарастырылып жатқан тәсілдердің бірі – аккаунттағы белсенділік пен қаралған контент негізінде қолданушының жасын автоматты түрде анықтау.

Сонымен қатар 16 жасқа толмаған балалардың бұрын ашылған аккаунттарына кіруді уақытша шектеу мүмкіндігі де талқыланып жатыр.

Маңызды

Қазақстандағы түпкілікті ережелер әзірге бекітілген жоқ. Meta енгізіп жатқан жүйе мен елімізде қарастырылып жатқан заңнамалық өзгерістер – бір-бірінен бөлек бастамалар.