Атырау облысы полиция департаменті және Талдықорған полиция басқармасы киберқылмысқа қарсы күрес қызметкерлері бірлесіп қылмыстық топты анықтап, ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Күдіктілер әлеуметтік желі арқылы жалған парақша ашып, Iphone смартфонын саудалап, алаяқтықпен айналысқан. Нарықтағы бағадан төмен смартфон аламын деген тұрғындар ақшасынан айырылып қалған. Ал алаяқтар ақшаларды қолма-қол шығару арқылы дропперлерге аударып, кейін өздерінің есепшоттарына аударып отырған.
Жәбірленушілер арасында Семей, Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Ақтау, Өскемен, Шымкент, Орал және Ұлытау, Павлодар облыстарының тұрғындары бар.
Ұсталған 18 жастағы және 56 жастағы күдіктілер Алматы тұрғындары екені анықталды. Тексеру кезінде екі IPhone 14 және IPhone 12, IPhone 6s, Samsung, ноутбук, 12 SIM-карта, Beeline модемі, түбіртектер тәркіленді.
Келтірілген шығын көлемі - 2 млн теңгеге жуық.
"Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-баптың 3-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады полиция.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!