Қазақстан құрамасы Қытайдағы IX қысқы Азия ойындарының 10 жарыс тәртібі бойынша барлық алты спорт түріне қатысады. Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов алдағы бәсекеге команданың дайындығы туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
32 Азия елінен 1 000-нан астам спортшы қатыспақшы. Жалпы 64 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
"Қазақстан құрамасы сноубордтан басқа барлық алты спорт түріндегі 10 дисциплинада өнер көрсетуді жоспарлап отыр. Команда құрамында 138 спортшы (72 ер және 66 әйел) 51 медаль жиынтығы үшін сынға түседі. Біздің құрама қысқы Азия ойындарында 1996 жылдан бері үздік төрттікке кіреді. 2017 жылы Саппорода өткен алдыңғы Азия ойындарында Қазақстан 32 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте төртінші орын алды. IX қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатында хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-тректің өкілі Ольга Тихонова ту ұстайды", - деді министр.
Қазақстандық делегацияның жартысынан көбі - Астана, Алматы және Шығыс Қазақстан облысының өкілдері. Азия ойындарына шығарып салу рәсімі 30 қаңтарда Астанадағы "Қазақстан" жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өтеді. Ұлттық құрамалардың дайындығына 10 дисциплина бойынша бас жаттықтырушылар жауапты.
"Бұл - тәжірибелі мамандар, олар спортшылардың сәтті өнер көрсетуі үшін бар күш-жігерін салады. Отандық жаттықтырушылармен бірге спортшылардың сапалы дайындығы үшін Нидерланд, Польша, Словения, Беларусь және Ресей Федерациясынан шақырылған тоғыз кеңесші-жаттықтырушы жұмыс істеуде. Олар биатлон, коньки тебу спорты, шорт-трек және мәнерлеп сырғанау бойынша жаттығулар жүргізеді", - деп қосты Ербол Мырзабосынов.
Салтанатты ашылу рәсімі 7 ақпанда Harbin Stadium спорт кешенінде өтеді. Жабылу рәсімі 14 ақпанға жоспарланған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!